Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына жаңа басшы тағайындалды
Өңірлік кеңестің келісімі бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының шешімімен Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасына Нұрсұлтан Шоқанов төраға болып тағайындалды.
Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. KIMEP университетін «Қаржы» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2018 жылы IMD Халықаралық басқарушылық даму институтында (Швейцария) жетекшілерге арналған (EMBA) магистр дәрежесін алды.
Нұрсұлтан Шоқанов бизнес саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Мұнай-газ саласындағы аудитке маманданған Ernst&Young халықаралық аудиторлық компаниясында жұмыс тәжірибесі бар.
Нұрсұлтан Шоқанов қазіргі кезде ALATEX салааралық қауымдастықтың президенті, жеңіл өнеркәсіп, қоғамдық тамақтану және сауда саласындағы бірқатар кәсіпорынның тең құрылтайшысы.
Елдің қоғамдық-саяси өмірінде белсенді позицияға ие. Алматы қаласы мәслихатының VІІ және VІІІ шақырылымдарының депутаты, сондай-ақ құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі мәслихат комиссиясының төрағасы.