Алматы Кітапханалары мен өңірлік кітапханалар бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты: ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Алматыда Алматы Кітапханалары мен Алматы облысының кітапханалары бірлесіп ұйымдастырған форум өтті. Шара барысында қатысушылар автоматтандыру, цифрландыру, өзіне-өзі қызмет көрсететін автономды кітапханаларды енгізу және басқа да заманауи шешімдер бойынша тәжірибе алмасты.

Форумның басты оқиғасы — ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжатта кітап қорының сақталуы, мамандардың біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және оқырмандарды кешенді түрде қамтитын бірыңғай жүйені дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу бекітілді.

Форум аясында Алматы Кітапханаларының озық тәжірибелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қонақтар Жастар комьюнити-орталығы базасындағы автономды кітапхананың жұмысымен танысып, цифрландыру және кітаптарды қалпына келтіру бойынша практикалық сабақтарға қатысты.

«Бүгінгі кездесу — бұл жай ғана ресми шара емес, кітапхана саласының тығыз байланысы мен бірлесіп даму жолындағы маңызды қадам. Біз күш-жігерімізді, білімімізді және ресурстарымызды біріктіре отырып, заманауи технологияларды енгізуді, ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуді және өңірлер арасындағы мәдени-танымдық байланысты нығайтуды көздейміз. Бүгінгі күн — болашақтағы ортақ жетістіктер мен жемісті ынтымақтастықтың бастауы болсын!», — деп атап өтті Алматы Кітапханаларының директоры Мейрам Бектембаев.

Форум кітапхана саласын жаңғырту мен өңіраралық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды кезеңге айналды.

Алматы қаласының баспасөз қызметі