Алматы мен Дуньхуан: Жібек жолының алтын көпірі

Сәті түсіп, Қытайдың Ганьсу аймағында орналасқан Дуньхуан қаласына келу бақыты бұйырды. Бір қарағанда, туған қалам Алматы мен Дуньхуан қаласы бір-бірінен біршама алыс жатқандай көрінгенімен, олардың арасындағы байланыс терең тарих қойнауына кететіндей. Сонымен Қазақстанның мәдени әрі экономикалық орталығы саналатын Алматы мен Қытайдың тарихи маңызды қалаларының бірі Дуньхуанды не байланыстырады?
Жібек жолындағы екі шаһар
Алматы да, Дуньхуан да Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ғасырлар бойы түрлі өркениеттердің тоғысуына куә болған қалалар. Жібек жолы тек сауда жолы ғана емес, мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын көпір рөлін атқарды. Сауда керуендері арқылы Шығыс пен Батыс арасында тек тауарлар ғана емес, білім, өнер, дәстүр мен асханалық мәдениет те алмасып отырды.
Дуньхуан – Қытайдың Ганьсу провинциясында орналасқан, тарихи және мәдени мұраға бай қала. Ол ежелгі Қытайдың Батысқа ашылған қақпасы іспетті болды. Мұнда әлемге әйгілі Могао үңгірлері орналасқан. Бұл үңгірлерде буддистік өнер туындылары сақталған және олар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Дуньхуан атауы қытай тілінде «敦煌» (Dūnhuáng) деп жазылады және «жарқыраған», «сәулелі» деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың ежелден мәдени және тарихи маңызы зор болғанын көрсетеді.
Екі қала да Жібек жолының бойында орналасқан және керуендер жүріп өткен тарихи табиғи ландшафттармен ерекшеленеді. Сондықтан болар, Ойсыл қара ұрпағы Дуньхуан қаласының нышанына айналған.
Алматы мен Дуньхуан табиғатының осындай айырмашылықтарына қарамастан, олардың екеуі де өзіндік сұлулығы мен ерекшелігі арқылы туристерді қызықтырады. Ауа-райы да өзара ұқсайды.
Дуньхуан қаласының халқы және ұлттық ерекшеліктері
Бүгінде Дуньхуан қаласында негізінен хань этносы өкілдері тұрады. Сонымен қатар, мұнда дүнгендер (хуэй), ұйғырлар, қазақтар және тибеттіктер сияқты түрлі этностар да бар. Бұл аймақ әр түрлі мәдениеттердің тоғысқан жері болғандықтан, оның асханасы да саналуандығымен ерекшеленеді. Сондықтан болар, бұл мекенде асханалық ұқсастықтарды бірден байқадым.
Алғашқы күні алдымызға біздің салтымыздағыдай ет алып келді. Дәмді қойдың қабырғалары сондай тойымды, тек тағамдардың барлығы ддерлік дәмдеуіштерге бай, өте ащы. Біздің тағамтану дәстүріне сай болмаса да, тура біздің жаңа ғана сойылған жас малдың етінен жасалған қуырдақ жегендей болдым. Кейін жусай мен еті бар тұшпара алып келгенде тіпті қуанып кеттім.
Дуньхуан асханасы батысқытайлық тағамдарға тән дәстүрлерді сақтаған. Мұнда бидайдан жасалған өнімдер, соның ішінде түрлі нан түрлері мен кеспелер кеңінен қолданылады. Түскі ас кезінде алдымызға майға піскен нан өнімін әкелгенде өзіміздің қып-қызыл бауырсақтар көргендей болдым. Керемет дәмді! Сондай-ақ, майлы кішкентай күлшелер дайындайды екен, оны да біздің шелпектерге ұқсаттым. Осы ұқсастықтар екі халықтың ғасырлар бойы көршілес болып, мәдени байланыста болғанын айғақтайды.
Болашақтағы байланыстар
Қазіргі уақытта Алматы мен Дуньхуан арасында ресми әріптестік қарым-қатынас жоқ. Өзара қатынасу бағыттары да қарастырылмаған. Дегенмен, олардың тарихи байланысы, ортақ мәдени мұрасы екі қала арасындағы болашақ ынтымақтастықтың негізі бола алатыны сөзсіз. Туризм, мәдениет және экономика салаларындағы ықпалдастық екі тарап үшін де тиімді болатыныны сенімдімін.
Алматы мен Дуньхуан – Жібек жолының қос қазынасы. Бірі – Қазақстанның мәдени-экономикалық орталығы, екіншісі – Қытайдың батысқа ашылған қақпасы. Бұл екі қаланың ұқсастығы мен тарихи байланысы – өткеннің айғағы ғана емес, болашақ ынтымақтастықтың да кепілі.
Ғазиза Ұзақ
Дуньхуан қаласы
Telegram-канал: Алматы мен Дуньхуан: Жібек жолының алтын көпірі