Алматы мен Сиань — өзара тиімді ынтымақтастық жолындағы достық қарым-қатынас орнатқан қалалар

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуде бай тарихи мұрасы мен мәдени әр түрлілігі бар екі қала Алматы мен Сиань маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары екі қала да «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өзара тиімді серіктестіктің берік негізін құра отырып, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға күш салды.

Қытайдағы ең көне қалалардың бірі Сиань Ұлы Жібек жолының бастау нүктесі ретінде белгілі. Қала Шығыс пен Батыс арасындағы саудада маңызды рөл атқарып, тауар, мәдениет және білім алмасуды жеңілдеткен. Өз кезегінде, бай тарихы бар Алматы өзінің алуан түрлілігімен және стратегиялық орналасуымен назар аударатын Қазақстанның экономикалық және мәдени орталығы болып табылады.

Сианьнан бастау алған Ұлы Жібек жолы керуендері Алматыға қарай беттеп, одан әрі қарай халықаралық байланысын нығайтуды бұл заманда да жалғастырып келеді. Оған өз міндетін табысты атқарып жатқан темір жол терминалдары дәлел.

Сиань – тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан шаһар. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

«Қазақстан терминалы» жобасы 67 000 шаршы метрден астам аумақта жүк қоймасы мен қосалқы ғимараттарды құруды қамтиды, жалпы инвестиция көлемі шамамен $165 млн. Бұл тасымалдау көлемін айтарлықтай ұлғайтып, екі тарап үшін де маңызды аспект болып табылатын логистиканы жақсартады.

Сонымен қатар, 2024 жылы түсті металдар мен басқа да тауарларды сақтау мен таратуға қолдау көрсететін Алматы Қытай-Қазақстан логистикалық станциясы мен жоғары санатты смарт қоймасын құру жоспарлануда. Бұл бастамалар Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік дәліздерін жақсартуға көмектеседі.

2015 жылы Ай Цзюй Групп «Бір белдеу, бір жол» бастамасына белсенді түрде жауап беріп, Қазақстанда бірқатар ірі жобаларға бастамашылық етті. Компания Солтүстік Қазақстанда жылына 300 000 тонна мұнай өңдеу зауыты мен логистикалық орталық салды, сонымен қатар ұн тарту және жем зауытын салуды жоспарлады. Бұл жобалар өңірдің өндірістік қуатын айтарлықтай арттырып, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

Қытай-Қазақстан (Сиань) сауда-логистикалық компаниясын құру маңызды қадам болды. Жарғылық капиталы 164,77 миллион юань болатын бұл компания екі ел арасындағы тауар экспорты мен импортын жеңілдетіп, темір жол тасымалы мен логистикалық операцияларды ұйымдастыруға жауапты. 2023 жылдың соңында Сианьдағы қазақстандық терминалдың іске қосылуы қарқынды ілгерілеу мен тиімді ынтымақтастықтың символына айналды.

Алматы мен Сиань арасындағы ынтымақтастық тек экономикамен ғана шектелмейді. Екі қала да мәдени байланыстарды белсенді дамытып, білім, өнер және туризм салаларында алмасулар ұйымдастыруда. Мәдени шаралар, көрмелер мен фестивальдер халықтар арасындағы достықты нығайтуға және өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал етеді. Сиань қаласында өткен Алматы қаласының күндері аясында да ынтымақтастық жолында бір қатар мәселелер көтеріліп, даму жолында жоспарлар талқыланды.

Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен жобаларға қатысуы білім мен технология алмасуға ықпал етеді, бұл мамандар даярлауда және әртүрлі салаларда инновациялық тәсілдерді дамытуда маңызды рөл атқарады.

Қол жеткен табыстарға қарамастан, Алматы мен Сиань ынтымақтастығы одан әрі нығаюға дайын. Халықаралық нарықтардағы бәсеке, экономикалық саясаттың өзгеруі және жаңа жағдайларға үнемі бейімделу қажеттілігі екі жақтан да икемділік пен өзгерістерге дайын болуды талап етеді.

Ортақ мақсат пен дамуға деген ұмтылыстың болуы байланыстарды одан әрі нығайтуға игілікті істердің нәтижелерін көруге мүмкіндік туғызады. Логистика, сауда және мәдениет салаларындағы бірлескен күш-жігер екі тарапқа өзгерістерге сәтті бейімделуге және жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Алматы мен Сиань арасындағы достық қарым-қатынас Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды элементі болып табылады. Экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық тұрақты байланыстарды дамытуға септігін тигізіп, болашаққа жаңа көкжиектер ашады. Екі қала да халықаралық аренада негізгі ойыншыларға айналу, өзара тиімді қарым-қатынастарды сақтау және тәжірибе мен білім алмасу үшін платформа құру жолында жұмыс істеуді жалғастыруда.

Ғазиза Ұзақ

Сиань