Алматы музейінде Сеул тарихын бейнелейтін көрме ашылды
Қазақстанда алғаш рет Сеул тарихы музейінің коллекциясынан 100-ден астам бірегей экспонат қойылды. Бұл экспонаттардың барлығы Алматы музейіне келушілердің назарына «Сеул ғажайыптары» көрмесінде ұсынылды.
Экспонаттар Корея Республикасының тарихын, мәдениеті мен дәстүрін бейнелейді. Одан бөлек, көрмеге келушілер XIV ғасырдан XIX ғасырға дейін Корея елін басқарған Чосон әулетінің киімдері мен аксессуарларын, тұрмыстық заттарын, тарихи құжаттары мен үйіндегі интерьерін көре алады.
Естеріңізге сала кетейік, екі апта бұрын Қазақстанға Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ель мемлекеттік сапармен келген болатын. «Сеул ғажайыптары» көрмесі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында ұйымдастырылған алғашқы бірлескен мәдени жоба болып табылады.
«Біздің Қазақстанға сапарымыздың мақсаты — Корея Республикасының мәдениетін көрсету. Корей халқының ғасырлар бойғы тарихымен таныстыру үшін бірегей экспонаттар алып келдік. Бұл іс-шара аясында қазақстандықтардың Сеулге келуге деген қызығушылығы артады деп сенеміз. Сеулге келіп, қаламыздың тарихи-туристік орындармен танысуға шақырамыз», — деді Сеул тарихы музейінің директоры Чой Бён Гу.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылдың желтоқсанында Сеул тарихы музейінде, яғни Кореяда Алматы музейі көрме ұйымдастырған болатын.
Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Пак Нэчон «Сеул ғажайыптары» көрмесінің ашылуы екі мемлекет арасындағы жарқын іс-шаралардың бірі болып табылатынын атап өтті.
Көрме алматылықтар мен қала қонақтары үшін 2024 жылдың 20 тамызына дейін жалғасады. Корея мәдениетімен танысу үшін Қабанбай батыр көшесі, 132 мекенжайында орналасқан Алматы музейіне келіңіздер.