Алматы облысында 1200 тұрғыны бар ауылда фельдшерлік пункт ашылды

Балқаш ауданына қарасты Миялы ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Нысан «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынды.
Мекеме 1200-ден астам ауыл тұрғынына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған. Құрылысына облыстық бюджеттен 220 млн теңге бөлінген. Ғимаратқа ауыз су құбыры мен кәріз жүйелері тартылған. Медициналық нысанның 15 бөлмесі бар. Олардың іші фельдшерлік-акушерлік пунктке қажетті құрал –жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ал аудан әкімі Азат Құтпанбетовтың айтуынша, 270 шаршы метр аумақта орналасқан нысан 15 адамға бір уақытта қызмет көрсете алады. Құрылыс жұмыстары 4 айда аяқталып, қазіргі таңда барлық медициналық жабдықтар мен жиһаздар орнатылған. Партия өкілдері бұл нысан ауыл халқына медициналық көмекті қолжетімді етудің нақты қадамы екенін айтады.
«Анализ тапсыру үшін енді 55 шақырым қашықтағы аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Тіпті қажет болған жағдайда қаладағы ауруханаларға жолдама беріледі. Бұл – партияның шалғай ауылдарға медициналық көмекті жақындату бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді «AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбай.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Тәжіков мәліметінше, бұл тек бір ауылға арналған жоба емес. Мұндай медициналық мекемелерді көбейту арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекендерін дәрігерлік көмекпен қамту көзделіп отыр.
«Біз үшін әр азаматтың заманауи медициналық көмекке қол жеткізуі маңызды. Сол үшін қазіргі уақытта ауылдық жерде денсаулық сақтау нысандарын салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қолданысқа берілген фельдшерлік-акушерлік пункт осының дәлелі. Жыл аяғына дейін 30-дан астам медициналық мекеме қолданысқа берілмек», – дейді Әлімбек Тәжіков.
Ауыл тұрғындары үшін ғимарат қана емес, дәрігердің тұрақты жұмысы да маңызды. Осы мәселені шешу үшін өңірде нақты шаралар қолға алынуда. Бұған дейін «AMANAT» партиясы ауылға келген жас мамандарға 10 млн теңге көлемінде жәрдемақы беру бастамасын көтерген еді. Соның нәтижесінде, аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем беру қарастырылып отыр. Бұл қолдау тек белгілі бір мамандықтарға ғана тиесілі. Шарт бойынша дәрігерлер кемінде 5 жыл ауылда жұмыс істеуі тиіс.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде биыл 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салу жоспарланған.
Алматы облысының әкімдігі
Telegram-канал: Алматы облысында 1200 тұрғыны бар ауылда фельдшерлік пункт ашылды