Алматы облысында заңсыз құрылыспен күрес жалғасуда
Облыстық сәулет-құрылыс мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Жақсымбетовтың айтуынша, өткен жылы 711 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде бес нысанды бұзу туралы шешім қабылданған.
Олардың ішінде:
- Қарасай ауданындағы «Орда Таун» көпқабатты тұрғын үй кешені
- Еңбекшіқазақ ауданындағы кірпіш зауыты
- Талғар ауданы, Байбұлақ ауылында екі көпқабатты тұрғын үй кешені.
- Төрт нысан бөлшектелуге жатады, бір шешім әлі қабылданған жоқ.
Сонымен қатар, Кеген ауданындағы Көлсай көлінің жағасында мейрамхана мен сегіз қонақүй кешені құрылысының заңдылығы мәселесі қаралуда. Жалпы, 2024 жылы Алматы облысында заңсыз құрылыс фактілері бойынша жалпы сомасы 34 миллион теңгеден астам 128 әкімшілік іс қаралып, 59 іс сотқа жолданған.
2023 жылы 484 іс қаралып, айыппұл сомасы 140 646 150 теңгені құрады. Мәселен, әр түрлі бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының бюджеттік нысандары туралы Заңының талаптарын бұзғаны үшін 56 мердігер ұйымға 27 848 820 теңге айыппұл салынып, оның ішінде 2 лицензияның күші жойылды, 2 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Сондай-ақ, 23 техникалық бақылау ұйымы мен 9 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымына 21 963 436 теңге айыппұл салынып, 22 аттестаттың қолданысы 6 айға тоқтатылды, 1 аттестат пен 2 аккредиттеу комиссиясының күші сот шешімімен жойылды. 18 сәулет қадағалау бірлігіне 8 505 468 теңге айыппұл салынып, оның ішінде 3 сәулет қадағалауының актісі жойылды. Сондай-ақ аккредиттелген 3 компанияға 2 587 500 теңге айыппұл салынды.
Облыс басшылығы заңсыз құрылыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.