Алматы облысында жастар саясаты қарқынды жүзеге асырылып жатыр

Алматы облысында мемлекеттік жастар саясаты бірізді әрі белсенді түрде іске асырылуда. Тек өткен аптада өңірде 3000-ға жуық жасты қамтыған 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Жұмысшы мамандықтар жылы: еңбекші жастарды қолдау
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбекші жастар арасында мини-футболдан аудандық іріктеу турнирлері аяқталды. Финалдық ойындар тамыз айының ортасында өтеді деп жоспарлануда.
Экологиялық тәрбие – басты назарда
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыста 7000-ға жуық жастың қатысуымен 60-қа жуық экологиялық акция өткізілді. Бұл шаралар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмысқа кірісті
1 тамыздан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы аясында облыстың барлық қала-аудандарында 1000 жас маусымдық еңбекке тартылды. Жоба жастардың еңбек дағдыларын дамытуға және қоғамдық өмірге белсене қатысуына септігін тигізуде.
Әскери-патриоттық тәрбие
Жас буын арасында патриоттық сана қалыптастыру мақсатында шекара заставаларында және әскери бөлімдерде ашық есік күндері ұйымдастырылды. Жастар үшін экскурсиялар мен әскери қызметшілермен кездесулер өтті.
Жастардың еңбек құқықтарын қорғау
Сауда орындары мен базарларда ресми емес түрде жұмыс істейтін жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 112 жас ресми түрде еңбек келісімшарттарын жасап, заңды түрде жұмысқа орналастырылды.
Құқық бұзушылықтың және тәуелділіктің алдын алу
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, құмар ойындарға тәуелділік пен суицидтік көңіл-күйдің алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Атап айтқанда:
- еріктілер мен Полиция департаментімен бірлесіп 500-ден астам заңсыз граффити жойылды;
- 1000-нан астам ақпараттық парақша таратылды;
- 1200 қатысушыны қамтыған 10 тақырыптық семинар өтті;
- шілде айында түнгі рейдтер ұйымдастырылып, 118 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды;
- жастармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Халықаралық жастар күніне дайындық
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 1999 жылғы 17 желтоқсандағы шешіміне сәйкес, жыл сайын 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Осыған орай, Алматы облысында бұл датаға арналған арнайы іс-шаралар өткізілетін болады.
Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов атқарылған жұмыстарға тоқталып:
«Жастар – елдің болашағы. Біздің басты міндетіміз – олардың әлеуетін ашу, еңбекқорлыққа, білімге құштарлық пен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Біз жастардың әр бастамасын қолдауға дайынбыз және бұл бағыттағы жүйелі жұмысымызды жалғастырамыз», – деп атап өтті.
Мемлекеттік жастар саясаты – елдің стратегиялық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Алматы облысында бұл саясат жастарды жан-жақты қолдау, олардың әлеуметтік-экономикалық үдерістерге белсенді араласуы мен жеке әрі кәсіби қабілеттерін дамытуға басымдық бере отырып жүзеге асырылып келеді.
Алматы облысының әкімдігі