Алматы облысындағы жаңа құс фабрикасына 270 млрд теңге инвестиция салынады
Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарында Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылыс-монтаж жұмыстары жүреді деп жоспарланып отыр. «Жетісу» Алматы құс фабрикасының бірінші кезегі 2027 жылы пайдалануға берілмек, ал екінші кезегі 2029 жылы өз жұмысын бастауға тиіс.
Құс фабрикасының жобалық қуаты жылына 240 мың құс етін құрайды. Өндірістік нысанның іске қосылуы аймақта 7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Алматы құс фабрикасы аймақтағы ең технологиялық және автоматтандырылған кәсіпорындардың бірі болмақ. Ол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортты қысқартуға үлес қосады. Өндіріс құрылысы мен фабрика жұмысының басталуы облыс экономикасына жан-жақты әсер бермек, жекелей алғанда халықтың жұмыспен қамтылуы артады, қаптама шығару немесе адам тасымалы мен клинингке дейін түрлі сервисті ұсыну секілді жергілікті өндіріс пен қызмет түрлері дамиды. Жаңа құс фабрикасының жұмысы әлеуметтік ортаға да оң ықпалын тигізіп, жалпы аймақтағы инфрақұрылымның дамуына үлес қосады», – деп атап өтті AITAS холдингінің бас директоры Руслан Ильницкий. «Жетісу» Алматы құс фабрикасы осы холдинг құрамына кіреді.
Оның айтуына қарағанда, екі кезектің іске қосылуы барысында салынатын жалпы инвестиция көлемі 270 млрд теңгені немесе 600 млн АҚШ долларын құрамақ.
Құс фабрикасы құрылысы аясында 384 құс бағатын орын, жем зауыты, 30 000 тонна астық сақтауға арналған элеватор, инкубатор және басқа нысандар салынады. Бұл ретте құс өңдеуге арналған екі зауыттың жобасын атап өту қажет: бұл нысандар сағатына 24 000 бас құсты қабылдап, мұздатылған және салқындатылған дайын өнімге айналдыра алады.
Сонымен қатар холдингте құс фабрикасы жанында қасап қалдықтары мен ет өндірісі қалдықтарынан ет-сүйек ұнын жасау цехін салуға да үлкен мән беріп отыр.
Қазіргі уақытта құс фабрикасының техникалық-экономикалық негіздемесі жұмыстары жүріп жатыр және жұмыс жобасын әзірлеу басталады деп жоспарланып отыр.