Алматы Орталық Азиядағы тау туризмінің көшбасшысына айналады

Almaty Mount Fest 2023 фестивалі мәресіне жетті. Іс-шара тау туризмінің танымалдылығын арттыру және насихаттауға арналды. Шараның соңғы күні ұйымдастырушылар іскерлік форум ұйымдастырды. Оған 10-нан астам халықаралық туристік ұйымның өкілдері мен қазақстандық туризм саласының мамандары қатысты.

30 қыркүйек пен 1 қазан күндері өткен спорттық сайыстар — туриада, downhill, skyrunning және альпиниадаға 1800-ден астам адам қатысты. Фестивальге Қытай, Франция, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және басқа елдерден қатысушылар жиналды. Биылғы жылдың ерекшелігі – бұқаралық жорық – туриаданың 6 мен 14 жас аралығындағы балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы бағыттары әзірленді.

Almaty Mount Fest 2023 шарасының соңғы күні ауқымды іскерлік форум өткізілді. Жиынның басты мақсаты – тау туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқыға салу. Айта кетерлігі, биыл бизнес-шараға қазақстандық кәсіби мамандармен қатар, 10 халықаралық ұйымның өкілдері бас қосты. Форумға Андорра, Франция, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Италия, т.б. елдердің сарапшылары қатысты.

— Өзгеше мәдениеті, тамыры тереңде жатқан тарихы, әсем табиғаты мен қолайлы бизнес-климаты бар еліміздің туристік саласының әлеуеті зор. Биылғы жылдың бірінші жартысында ғана Алматыға 972 мың адам келген, бұл – өткен жылғымен салыстырғанда 25 пайызға артық. Германия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия мен араб елдерінен келген туристер қатары ұлғайды.  Тау жолдарын абаттандыру, жаяу бағыттар жасау, жаңа кемпинг-аумақтар құру бойынша жасалып жатқан жұмыстар туристік саланың белсенді дамуына септігін тигізуде, дейді Ғалия Тоқсейітова, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, Ғалия Тоқсейітова Туризм басқармасы таудағы инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударып жатқанын да атап өтті. Бүгінде Ақбұлақ және Мыңжылқы кемпинг-аумақтарын орнату жұмыстары аяқталып,  онда шатырлар, самалжайлар, орындықтар мен үстелдер, алтыбақандар қойылған. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 150 км болатын 12 тау бағытын абаттандырып, Үлкен Алматы көлінде кемпинг-аумақ орнату жоспарланып отыр. Бұл бағыттардың бойына ақпараттық стендтер, нұсқағыштар, QR-кодтар бейнеленген тақтайшалар қойылмақ, олардың көмегімен туристер маршруттың қиындығы, ұзақтығы мен қанша уақыт кететінін біліп отырады.

Almaty Mount Fest 2023 фестивалі аясындағы пікірталас алаңдары тау туризмін дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасып, талқылауға керемет мүмкіндік берді. Қатысушылар таулы аймақтағы тұрақты туризм трендтерін, шетелдік туристерді тартудың басты факторларының бірі саналатын  креативті экономиканы ынталандыру, тау туризміндегі инклюзия бағытын, халықаралық стандартқа сәйкес «Тау гиді» мамандығын дамыту мақсатында әлемдік инновациялық тәжірибелерді қолдану мәселелерін талқыға салды. Бұдан бөлек, Форум қатысушылары ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Тау туризмі саласында бәсекеге қабілетті болу үшін Орталық Азия елдері бірлесе әрекет етуге тиіс. Өйткені мұндай ауқымды мақсатқа жұмылмай, қол жеткізу қиын. Алматының Орталық Азиядағы тау кластерінің көшбасшысына айналуға мүмкіндіктері мол, — деді Михаил Шамшидов, халықаралық жаттықтырушы, сарапшы, «Жібек жолының» туризм жөніндегі кеңесшісі, менторы, Өзбекстан.

Естеріңізге сала кетсек, спорттық жарыстар дәстүр бойынша, «Медеу» ТСК мен «Шымбұлақ» ТК аумағында өтті.

Фестивальді «Шымбұлақ» ТК өткізуге қуаныштымыз. Almaty Mount Fest шарасының ұйымдастырылуы қатысушыларымыздың спорттық рухын нығайтуға септігін тигізіп қана қоймайды,  тау туризмі индустриясын дамытуда да маңызы зор.  Мұндай іс-шаралар ерекше таулы аумақтарға туристерді тартып, оларды насихаттауға және жалпы туризм саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді, — деп түйіндеді Никита Олейник, «Шымбұлақ» ТК цифрландыру және қызмет көрсету департаментінің жетекшісі.