Almaty Series Festival «Казахские страшные сказки» сериалымен басталды

Алматыда Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы сериалдар фестивалі — Almaty Series Festival салтанатты түрде ашылды.

Кештің басты сәні — Freedom Media онлайн-кинотеатры ұсынған, режиссер Әділхан Ержанов түсірген жаңа «Казахские страшные сказки» сериалының алғашқы үш бөлімінің жабық көрсетілімі болды. Жоба халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді: әлемдік тұсаукесері Канаданың Fantasia International Film Festival фестивалінде өтіп, сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Олар бұл сериалды «міндетті түрде көруге тиіс хоррор-антология» әрі «қазіргі қазақ киносының жаңа бағаты» деп атады.

Бұл 10 бөлімнен тұратын туындыда фольклорлық хоррор, мистикалық детектив және қара әзіл тоғысады. Оқиғаның өзегінде – қазақтың шалғайындағы бірқатар құпия қылмыстарды тергеуге кіріскен тергеуші Біржан. Әуелде аңыз-әпсаналарға сенбейтін ол, уақыт өте келе көне мифтердің шынайы өмірмен астасып жатқанын көзімен көреді. Албастыдан бастап жезтырнақтарға дейін жолыққан сайын, оған таныс болмыс шындық пен тылсымның арасындағы бұлдыр кеңістікке айнала береді.

Басты рөлдерде:

  • Куантай Әбдімәди
  • Анна Старченко
  • Шах-Мұрат Ордабаев
  • Азиз Бейшеналиев
  • Динара Бактыбаева
  • Айбар Салы
  • Данияр Алшинов
  • Санжар Мади
  • Асель Калиева
  • Еркін Губашев и др.

Көрсетілім қарапайым көрермендер арасында да, кәсіби ортада да үлкен қызығушылық тудырды. Фестиваль қонақтарының қатарында Жәмила Серікбаева, Рашид Нұғманов және мәдениет саласының басқа да танымал өкілдері болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нью-Йорк джаз қауымдастығының мүшесі, Алматы қаласы әкімі концерттік оркестрінің солисті Жәмила Серікбаева өз ойымен бөлісті:

«Бұл сериал мифология арқылы өміріміздің ең өзекті мәселелерін қалай жеткізуге болатынын сөзсіө шеберлікпен көрсетеді. Қорқытып қана қоймай, ойға да жетелейтін батыл әрі әсерлі туынды екен».

Рашид Нұғманов: тұсаукесерден кейінгі алғашқы ойлар

Әділхан Ержановтың шығармашылығы мен үшін оның толықметражды дебюті «Риэлтордан» бастап қызық болды. Кейін партизандық кино мен «Чума в ауле Каратас» туындылары шығып, қазақстандық кинода жаңа шебердің пайда болғанын, өзінің ерекше киноәлемі мен кинотілі бар екенін дәлелдеді.

Сериалдардағы тәжірибесі — кез келген автор үшін толықметраждан шығып, үлкен драматургиялық формаға көшуге жасалған табиғи қадам. Алдымен «Замерзшие», енді «Казахские страшные сказки». Мен киносыншы немесе кинотанушы емеспін, сондықтан баға бергенім дұрыс болмас. Мен – әріптеспін. Мен үшін маңыздысы – жаңа жолдар мен жаңа ашулар. Ал өткеніміз бізге рухани ДНҚ арқылы келеді: ұмытылмағаны, мәңгі есте қалады, ал керек емесі, ізсіз жоғалады. Әділханның жұмыстары мен үшін бірінші деңгейге жатады. Ал ең қызықтысы – оның келесі қадамы қандай болады екен?

«Страшные сказки» — «Дала қасқырының» эпикалық масштабтағы табиғи жалғасы: көріністері, атмосферасы, локациялары, кейіпкерлері, баяндау тәсілі және режиссерлік қолтаңбасы бірізді.

Ал мен не күтемін? Бұл, бәлкім, өзімшілдік сияқты көрінуі мүмкін: автор өз зерттеген әлемінен шығып, белгісіз Terra Incognita әлеміне енуі — мұнда көп нәрсе таныс емес, кейде тіпті ерсі көрінуі мүмкін: кассалық кино мен кең аудиторияның әлемі. Басқаша айтқанда, мені қызықтырып, ойландырып, терең әсер қалдыруын қалаймын. Бірақ бұл тек бір мезеттік көңіл көтеру емес, тез өтіп кететін күлкі, қорқыныш немесе тамсану емес; керісінше, сол сезімдерден кейінгі терең эмоциялар — ойыңды өзгертіп, жан дүниеңді сілкіндіріп, қайта-қайта өз шеберлігінің мінсіздігімен таңғалдыруы тиіс.

Әділхан мұны жасай алады. Мен оған сенемін және оның келесі жұмыстарын тағатсыздана күтемін.

Фестиваль ұйымдастырушысы Ануар Кенжибаев бірінші қадам әрдайым ең қиын болатынын, алайда осы алғашқы қадамды Әділхан Ержановтың «Казахские страшные сказки» сериалымен бірге, бірінші Almaty Series Festival ашылуында жасау – ерекше қуаныш екенін атап өтті.

Толған зал, жанды пікірталастар мен көрермендердің жылы пікірлері фестивальдің үлкен табыспен басталғанын және кейінгі көрсетілімдердің сәтті өтетінін дәлелдеді.

Almaty Series Festival 26 қыркүйекке дейін өтіп, Қазақстанның және шетелдің үздік сериалдық жобаларын ұсынатын болады.