Almaty Soul бренді Париждегі жәрмеңкеде таныстырылды
Жаңа жыл мен Рождество мерекелерінің қарсаңында Еуропа мемлекеттерінде әр түрлі сыйлықтар алуға болатын арнайы жәрмеңке ұйымдастырылады. Бұл ескіден келе жатқан ғажайыптарға толы дәстүр.
Франция астанасы Париж қаласындағы La Defense орталығында жыл сайын өткізілетін жәрмеңкеге 1 миллионға жуық адам келеді. Мерекелік сауда нүктесінде Франция елінен басқа, Италия, Швеция, Финляндия секілді мемлекеттердің тауарлары сатылуда. Биылғы жылы Франциядағы Қазақстан елшілігі мен QazElles қазақстандық әйелдер қауымдастығының отандастарымыз ұйымдастырды. арқасында La Défense жәрмеңкесінде алғаш рет отандық тауарлардың сатылымы басталды. Еліміздің қолөнершілері мен кәсіпкерлерінің өнімдері жәрмеңкеге арнайы жеткізіліп, тиімді бағада ұсынылды.
Ұлттық нақыштағы киімдер, әшекей бұйымдар, киізден жасалған тақия, камзол, орамал секілді бұйымдардың арасында алматылық кәсіпкер Индира Хаметчинаның AlmatySoul бренді бар.
«Бұл менің жұбайыммен бірге үш жыл бұрын ойлап тапқан жобам. Алматы қаласында туып-өскен маған қаламыздың нышанына айналған алма жемісі бейнеленген өнімдерді таныстыру аса маңызды. Тек қана алма емес, біздің таулы шыңдар мен трамвай көрінісі бар киімдер, эко-шопперлер, басқа да өнімдер аз уақытта көпшіліктің сүйіспеншілігіне айналып үлгерді. Сондықтан да жәрмеңке ұйымдастырушыларынан ұсыныс түскенде қуана қабылдап, өз тауарларымды шетелдіктерге таныстыруға бел будым,» — дейді кәсіпкер.
Индираның айтуы бойынша, Франция халқы да алма жемісін ерекше құрметтейді. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келген жандар Қазақстан елімен жақынырақ танысып, Алматы қаласы туралы сұрастырған екен. Сол себептен болар, жәрмеңкеде AlmatySoul брендінің өнімдерін тек шетелде тұратын қандастар ғана емес, өзге де жандар ерекше қызығушылықпен сатып алған.