Алматы циркінің артистері Гиннестің рекордтар кітабына енді

Отандық цирк өнері үлкен жеңіске жетті. Алматы циркінің артистері – Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов Миланда өткен беделді «Lo Show Dei Record» халықаралық шоуында рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында рекордсмендердің өздері хабарлады.

Италияда олар «Басына қолымен тік сүйеніп тұрған адаммен бірге сатымен жылдам уақытта көтеріліп-түсу» номинациясы бойынша бірегей рекорд орнатты. Артистер ең әсерлі әрі қауіпті трюкты небәрі 36,66 секунд ішінде тамаша орындап шықты. Бұл жетістік көрермендерді ғана емес, халықаралық қазылар алқасын да таңғалдырды. Олар алматылық акробаттардың ерекше даярлығының, ептілігі мен шеберлігін атап өтті.

«Бұл керемет сәт болды. Біз бұл рекордқа ұзақ уақыт табандылық таныта отырып дайындалдық. Бүтін залдың қошеметін көру – ұмытылмайтын ерекше сәт болды», — деді, рекорд орнатқан Батыр Жанұзақ.

Артистер бұған дейін әлемдік сахнада да өнер көрсетіп, «America’s Got Talent», «Britain’s Got Talent» және «China’s Got Talent» сияқты белгілі шоуларға қатысып, финалға шығып, жүлдегер атанған.

«Біз үшін бұл жай ғана рекорд емес, бұл цирк өнеріне махаббатын, өмірін арнаған бүкіл командамыздың еңбегіне берілген баға. Бізге сенген барлық жанкүйерге алғысымыз шексіз», — деп толықтырды Алматы циркінің артисті, рекордсмен Марлен Маратов.

Қазақ мемлекеттік циркінің басшысы Мақсат Жайықовтың айтуынша, бұл рекорд қазақстандық әртістердің деңгейі жоғары екенін дәлелдеп, Алматы циркінің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға жасалған тағы бір қадам болды.

«Біз өнерпаздарымызбен мақтанамыз. Бұл рекорд – жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақ цирк өнерінің дамуына қосылған зор үлес. Енді Қазақстанда нағыз цирк шеберлері бар екенін бүкіл әлем біледі», — деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.

Алматы қаласының баспасөз қызметі

Telegram-канал: Алматы циркінің артистері Гиннестің рекордтар кітабына енді