Алматы жұрты Түркия елімен бірге!

Түркияның Алматыдағы Бас консулдығы ғимаратына соңғы үш күнде келіп, көңіл айтып жатқан көпшіліктің қарасы қалың.

Алматы қаласындағы өзге елдердің елшілік қызметкерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар мен шәкірттер қауымы, БАҚ өкілдерінен бөлек үлкен-кіші ағайын бауырлас елдің басына түскен ауыр жағдайға ортақтастып, гүл шоқтарын әкеліп, көңіл айту кітабына жұбату сөздерін жазып жатыр.

Али Рыза Акынджы, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы:

«Қиын күндерімізде бізді жалғыз қалдырмай, қайғымызды бөліскен қазақ бауырларымызға алғысымызды білдіреміз»

Жер сілкінісі болған күннен бері қол ұшын созып, көмек көрсетуге ниетті азаматтардың саны көп. Бірі ерікті болып, өз көмегін көрсетуге даяр екенін айтса, бірі тілмәш болуға әзір екенін жеткізіп отыр.

Отандық Kaspi.kz банкі мобильді қосымшада арнайы есепшот ашып, зілзала құрбандарына тікелей қаржылық көмек көрсетуге болатынын хабарлады.

Сондай-ақ, консулдық ғимаратта гуманитарлық көмек көрсету мақсатында бір топ еріктілер қажетті заттарды (көрпелер, жаңа киім-кешек, гигиеналық заттар, шам, пауэр банк т.б) жинап жатыр.

Журналист, қоғам белсендісі Нұрбек Бекбау Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында «Түркия еліне жүз киіз үй» науқаны аясында керекті қаражат жиналып, зілзала болған мекенге жүзден аса бой үйлердің жөнелтілгенін жазды.

Түркия мен Сирия елдерінде болған табиғат апатында жиырма мың жанды ажал құшты. Іздестіру жұмыстары жалғасуда

Ғазиза Ұзақ

Алматы қаласы