Алматыда ерекше наубайхана ашылды

 Оңтүстік Астананың ықшам аудандарының бірінде ерекше наубайхана өз жұмысын бастады.

21 наурызда Халықаралық Даун синдромы бар адамдар күні «Күн бала» мүмкіндіктер наубайханасы» жасөспірімдер орталығының ресми ашылуы болды.

Мүмкіндіктер наубайханасы – Даун синдромы бар жасөспірімдер наубайшы мамандығын игеріп, нан мен тоқаш, ыстық тамақ жасауға үйреніп, тәуелсіз болуға бейімдейтін бірегей жоба.

Жобаның мақсаты – жасөспірімдерді әлеуметтік дағдыларға үйрету және оларға кәсіпке үйретіп, жұмыс табуға көмектесу.

Жобаны «Күн бала» Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету қоғамдық қоры мен «ARGO» азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы Citi қолдауымен іске асырды.

«Күн Бала» қорының директоры Алла Джан-Ша:

«Жас балалар тек қана кондитерлік өнімдерді ғана емес, сонымен қатар аса күрделі емес ыстық тағамдарды да дайындауды үйретеміз. Біз өнімдерді патша көңіліңіз қалағандай төлейсіз (pay what you want  — қалаған соманы төлейсіз) принципі бойынша сатуды жоспарлап отырмыз. Осылайша кез келген жан біздің жобамызды қолдап, күн балаларының пісірген тағамынан ауыз тиетін болады»

Жобаны қаржыландыру алты айға  биылғы жылдың шілде айының соңына дейін есептелген. Қазір наубайханада 5 адамнан тұратын шағын топтарда 20 жасөспірім өз жұмысын бастады. Тәжірибелі технолог-наубайшы мамандар балалармен жұмыс істеп, оларға дәріс сабақтарын жүргізеді.

Сонымен қатар, Алла ханым «Мүмкіндіктер наубайханасы» жобасының жасөспірімдердің өздері үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті:

«Біз өсіп келе жатқан балаларымызға жоба жасауды көптен бері армандадық. Өйткені, көбіне мектепті бітіргеннен кейін Даун синдромы бар жасөспірімдер үйде отыруға мәжбүр. Ал наубайхана – кез келген уақытта бас қосатын жер. Мұнда балалар тек кәсіп үйреніп қана қоймай, өзара араласып, жаңа достармен табысады. Мен балаларымызға кәсіптік білім беру саласын кеңейткім келеді, сол үшін біз басқа курстарды аша аламыз. Өйткені, күн балалары үшін өз маңыздылығын сезіну және олар шын мәнінде пайдалы болуы, жұмыс істеуі және ақша табуы өте маңызды. Біз оларға бұл мүмкіндікті беруіміз керек»

Қор мүшелері «Мүмкіндіктер наубайханасын» ашық жобаға айналдырып, ол жаққа кез келген адамның қонақ болып келіп, шәй ішіп, Даун синдромымен ауыратын жасөспірімдер дайындаған өнімдерді сатып алатын танымал мекенге айналдыруды жоспарлап отыр. «Мүмкіндіктер наубайханасы» мекен жайы: Алматы қаласы, Мамыр 1 ықшам ауданы, 29/3 үй, 79 пәтер

«Күн бала» қорының директоры жобаға қалай қолдау көрсетуге болатын жолдарды айта кетті:

  1. Егер сіз инвестор ретінде жобаны қолдағыңыз келсе, онда қаржылай көмек беруге болады (орталықтың жалға алу сомасын өтеу, коммуналдық қызметтер, технолог пен жоба кураторларының жалақысына ақша бөлу)
  2. Kaspi ➡️ төлемдер ➡️ Қайырымдылық ➡️ «Күн бала» Даун синдромымен ауыратын балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету қоғамдық қоры арқылы ақшалай жарна жасай аласыз.
  3. Наубайханаға азық-түлік пен тұрмыстық заттарды әкелу.

«Күн бала» қоры өз жұмысын 2016 жылы бастады. Алматы мен Алматы облысынан 400-ден астам отбасын қамтиды.

Қордың негізгі бағыттары:

  • Даун синдромы (ДС) бар бала жаңа туған отбасыларға психологиялық қолдау көрсету
  • 6 айдан 18 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын 150-ден астам бала жыл сайын келетін түзету орталығы
  • қоғамға инклюзивтілікті дамыту
  • жасөспірімдерді кәсіби даярлау