Алматыда Халықаралық қытай тілі күніне арналған мерекелік шара өтті

Алматы қаласында Қытайдың Бас консулдығы мен Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен Халықаралық қытай тілі күніне арналған мерекелік шара өтті.
Орталық саябақта өткен мерекелік жиында қала тұрғындары мен қонақтары қытай мәдениетімен және тілінің ерекшеліктерімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.
Шара аясында келушілерге дәстүрлі қытай киімдерінің (“ханфу”) көрсетілімі, “Желмен бірге үйге оралғым келеді” атты театрландырылған қойылым, “Бадуаньцзинь” деп аталатын көне гимнастикадан флешмоб, қытай каллиграфиясы мен қытай шахматынан шеберлік сабақтары, дәстүрлі қытай макияжы бойынша таныстырылым және шығыстық күнтізбеге арналған ойындар ұсынылды.
Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істейтін бес қытай тілі орталығы таныстырылды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіндегі Конфуций институттары, сондай-ақ Laoshi және Chinaline education білім беру орталықтары бар.
Шара барысында Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Вэй Цзян қытай тілін үйренуге қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтіп, мұндай мәдени шаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.