Алматыда қалың қар: 1 115 жұмысшы мен 475 техника жұмылдырылды
Алматыда 8 қаңтар түнгі 12-ден бастап жауған қар сағат 11:00-ге дейін жалғасады.
Таңғы 9-дағы мәлімет бойынша қалада 14 см, Каменск үстіртінде – 22 см, Шымбұлақта – 20 см қар жауды. Жауын-шашын мөлшері 9 мм болып, айлық норманың (35 мм) 26%-ын қамтыды.
Күндізгі уақытта 475 арнайы техника мен 1 115 жұмысшы жұмылдырылды.
Қар жауа бастаған сәттен бастап 194 құмсепкіш техниканың күшімен көктайғаққа қарсы материал себіліп жатыр.
Таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша 3 600 тонна материал пайдаланылды. Сағат 4:30-дан бастап жол патрульдік полиция көліктерінің бастап жүруімен қар күрейтін 25 техника колоннасы ұйымдастырылды.
Жанармай мен көктайғаққа қарсы материалдармен қамтамасыз етуге байланысты қар жаууы тоқтағаннан кейін сағат 12:00-де қайтадан тазалау жұмыстары жоспарланған.
Жол жиектеріндегі қар үйінділерін шығару жұмыстары басталды.
Көліктердің тұрақта тұрып қалмас үшін уақытша тұрақ «қалталарын» жартылай жабу тәжірибесі енгізілді, бұл қарды тез әрі сапалы шығаруға мүмкіндік береді.
75 шағын техниканың көмегімен тротуарлар, қоғамдық орындар, әлеуметтік маңызды нысандар, тұрақ «қалталары» тазалануда. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қолмен тазалау жұмыстары да қолға алынған.
«Қазгидромет» РМК болжауынша, күндіз ауа температурасы 0…-2 °С, ал 12:00-ден кейін -5…-7 °С-қа дейін төмендейді. Түнде -11…-13 °С болады. 13 қаңтарға дейін жауын-шашын болмайды.
Мұз қату қаупіне байланысты жүргізушілерге жылдамдықты асырмауға, көліктер арасындағы қашықтықты сақтауға және қар тазалау жұмыстары жүріп жатқан аумақтарға көлік қоймауға кеңес беріледі.
Жаяу жүргіншілерге, әсіресе көру мүмкіндігі шектеулі және тайғақ жолдарда, жолдан өткенде сақ болу қажет.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы