Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне арналған мерекелік концерт өтті

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Алғысым саған, Қазақстан!» атты концерт өтті. Бұл күні алматылықтар мен қала қонақтары музыка, би және поэзияны тоғыстырған жарқынмерекелік бағдарламаның куәсі болды.

Іс-шара барысында Алматы қаласының әкімі атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері және этномәдени бірлестік басшылары мәдениет, білім саласында, жалпы қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Концерттік бағдарламада танымал артистер мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетті. Қазақстан халқының бір шаңырақ астында бірлігін бейнелейтін «Қазақстан – ортақ үйіміз» хореографиялық композициясын ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі орындады. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артистері Қалқаман Сариннің шығармасы негізінде «Алғыс» поэтикалық қойылымын ұсынды. Музыкалық бөлімде Роман Ким «Ұлы дала» әнін, «Ұлытау» этно-рок тобы «Япурай-ай» және «Сарыарқа» композицияларын, Олег Татамиров «Благодарю тебя» әнін, «KeшYOU» тобы «Туған жер» және «Ризамын» әндерін, Парвиз Назаров «Дидор» әнін орындады.

Дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да кәсіп иелерінің еңбегі Игорь Благодарный, Гаухар Ибрагим және Динара Қырықбаеваның «Разговор двух врачей» және «Ұстазым» композицияларында көрініс тапты. Сондай-ақ, «IL Canto» квартеті «Күшті адамдар» туындысымен, «Дервиши» тобы «Байрам» және «Гүл Алматы» әндерімен көпшілікті тәнті етті.

Концерт Біржан Хасанғалиев, Төлеген Рахымбаев, Ислам Хамзаев, Шахзода Сана, Бекзат Әбитов және Олжас Жұбатқановтың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Бұл іс-шара шынайы ризашылық, үйлесім мен бірліктің мерекесіне айналып, қоғамдағы өзара түсіністік пен құрметтің маңыздылығын еске салды.

Алматы қаласының баспасөз қызметі