Алматыда көру және есту қабілеті нашар адамдарға арналған заманауи кітапханалар ашылды
Алматыда көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға жеті кітапхана қызмет көрсетеді, олардың ақпаратқа қол жеткізуі үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың инклюзивті орта құру жөніндегі тапсырмасы аясында бұл кітапханаларда мәтінді тактильді форматта көрсететін Брайль дисплейлері, Брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтерлер, мәтіннің контрастын үлкейтуге және өзгертуге арналған құрылғылар мен мәтінді оқитын, оны дауыстап ойнататын және аудиоформатқа аударатын сканерлер орнатылған.
Аудиокітаптарды тыңдау ыңғайлы болу үшін кітапханаларда дыбыс сапасы жоғары құлаққаптар да бар. Бұған қоса, бейімделген бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлер орнатылған, бұл көру және есту қабілеті нашар адамдарға ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді.
Есту және көру қабілеті бұзылған адамдар мына кітапханаларға бара алады: Жамбыл атындағы ҚЖК, «Alatau Creative Hub», Чехов атындағы ОҚК, Қазақстан жазушыларының кітапханасы, сондай-ақ №4, 14 және 45 филиалдар. Бұл жерлерде ақпараттық ресурстарды пайдалану ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Бастама мәдени нысандарға тең қолжетімділік пен кедергісіз орта құру қағидасы аясында қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылды.