Алматыда мадияр халқының Матьо өнеріне арналған көрме ашылды

Алматы музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Матьо халық өнері – мадияр мəдениетінің мұрасы» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Мажарстанның Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесе ұйымдастырылды.
Көрмеде алғаш рет Қазақстанда мадьяр халқының әлемге әйгілі Матьо кесте өнерінің туындылары ұсынылуда. Бұл өнер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Экспозицияға кестеленген маталар, ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ мадьяр халқының өмірі мен дәстүрін бейнелейтін архивтік фотосуреттер енгізілген. 100-ден астам бірегей жәдігер көрерменге ұсынылып отыр.
Көрмедегі бұйымдар Мажарстандағы Мезёкёвешд қаласының Матьо музейі мен жеке коллекционерлердің қорынан алынған. Шараның ашылуында сөз сөйлеген Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Саболч Карой Сёке көрменің маңыздылығына тоқталды:
«Біз үшін бұл көрме – тек мәдениет таныстыру ғана емес, қазақ пен мадьяр халқы арасындағы тарихи достықтың айғағы. Матьо кестесі – біздің ұлттық рухымыздың айнасы, ал оны алматылық көрермендерге ұсыну – біз үшін үлкен мәртебе»
Салтанатты ашылу барысында мадияр музыка өнерінің өкілі, белгілі тубашы Золан Ласло Ковач өнер көрсетті. Оның әсерлі орындауы шараның рухын көтеріп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Көрме музейаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр. Бұған дейін 2024 жылдың 3 қазанынан 20 қарашасына дейін Алматы музейінің қорынан жасақталған көрме Мажарстанның Карцаг қаласындағы «Карцаг Кинче» өнер музейінде көрсетіліп, үлкен қызығушылық тудырған болатын.
Көрме 2025 жылдың 16 шілдесіне дейін жалғасады.
Telegram-канал: Алматыда мадияр халқының Матьо өнеріне арналған көрме ашылды