Алматыда «СУАСТЫ МӘДЕНИ МҰРАСЫ» фотокөрмесі ашылды
Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейімен бірлесіп, «СУАСТЫ МӘДЕНИ МҰРАСЫ» фотокөрмесін ашты.
Мұхиттар, теңiздер, көлдер мен өзендердің түбі баға жетпес қазыналарға толы және ол бізге белгiсiз әрі бағаланбаған күйiнде қалып отыр. Алайда суасты мәдени мұралары (САММ) қазына іздеушілік, тонаушылық және коммерциялық пайдаланудан туындайтын қауіп-қатерлерге тап болуда. Оның сақталуына қоршаған ортаның бұзылуы мен климаттың өзгеруі, жағалау маңындағы аймақтарды игеру мен теңіз ресурстарын пайдалануды арттыратын технологиялық дамуы да қатар қауіп төндіруде.
Көрменің ашылуында Орталық Мемлекеттік музей директоры Рашида Ерімқызы Харипова сөз сөйлеп, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Аймақтық кеңсесінің директоры Амир Пирич мырзаға музеймен тығыз байланыста болып, бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Орталық музейі еліміздің жетекші мекемесі ретінде Қазақстанның ғана емес, дүниежүзілік тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтауға, зерттеуге және насихаттауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич мырза: «Бүгін біз халықтың, музейге келушілердің, әсіресе жастардың назарын жалпы мәдени мұраны қорғау мәселелеріне аударғымыз келеді. Мәдени мұраны бірлесіп зерделеу және қорғау – бұл біздің адамдар санасында бейбітшілік орнату жолындағы қадамымыз!» – деді өз сөзінде. Орталық музей қала қонақтары мен тұрғындарын суасты мәдени құндылықтарын көрсететін бірегей көрмені тамашалауға шақырады.