Алматыда түрікмен мәдениетінің 30 жылдық мерейтойы атап өтілді

Мәдениет пен бірліктің алаңы саналатын Алматы қаласының “Достық үйінде” Қазақстан халқы Ассамблеясының және Алматыдағы Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының 30 жылдық мерейтойына арналған “Бірлігіміз – әралуандықта” атты дөңгелек үстел өтті. Ерекше шара Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының 30 жылдық мерейтойына арналды.
Шараның алдында қонақтар түрікмен шеберлерінің қолөнер көрмесіне еніп, ұлттық өрнектердің нәзіктігіне, кілем тоқудың ежелгі өнеріне және сәндік-қолданбалы шығармашылықтың ғажайып туындыларына куә болды. Әрбір экспонат – түрікмен халқының бай тарихы мен қонақжайлығының айнасы. Көрме көрермендерді ғасырлар бойғы дәстүрлердің жылы құшағына орап, шынайы мәдени сұхбаттың бастамасына айналды.
Көрменің сиқыры концерттік бағдарламамен жалғасып, қазақ және түрікмен дәстүрлі әуендері, әсем билер сахнада тоғысты. Бұл – екі халықтың рухани үндестігінің, достықтың әуені.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтау сөзінде түрікмен орталығының 30 жылдық жолын жоғары бағалады:
«Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығын 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Оның қоғамдық келісімді нығайту мен мәдени мұраны сақтау ісіндегі маңызды рөлі зор. Ассамблеяның 30 жылдығы – бұл тек тарихи дата ғана емес, ел бірлігінің және өзара құрмет пен сенімге негізделген жолдың символы. Ассамблея бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың тиімді алаңы, тұрақтылық пен келісім институты ретінде қалыптасты»
Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының басшылары Огузхан Абдулкерим мен Гүлнара Аннакулиева өз кезегінде мәдени жобалар, қайырымдылық акциялары, білім бағдарламалары және Мақтымқұлы поэзия күні сияқты бастамалардың маңызын айтты. Бұл қазақ-түрікмен байланысының рухани көпірі, болашаққа деген сенім екені сөзсіз.
Алматы қаласындағы Түркімен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрайымы Гүлнар Атақызы Аннақұлиева:
«Біздің жастарымыз – мәдениеттің тірі көпірі. Мақтымқұлы поэзия күні, қайырымдылық шаралар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен білім жобалары арқылы олар қазақ-түрікмен достығын жаңа буынға жеткізіп, бірліктің мәңгілік алауын жағып жатқаны қуантады. Аға буын бастаған жолды жалғап келе жатқан игі бастамалары жемісті болсын деп тілеймін»
Шара соңында этносаралық келісімге үлес қосқан қатысушыларға «Алғыс» төсбелгісі мен алғыс хаттарының табысталды. Әрбір марапат – шынайы еңбектің, бірліктің құндылығының бағалануы!
Біздің күшіміз – бірлікте! Бірлігіміз – әралуандықта!
Кездесу соңында барша қатысушылар Қазақстанның мәдени әралуандығы қоғамдық келісімнің мәңгілік іргетасы екенін бір дауыстан растады. Бұл шара – еліміздің жарқын болашағына деген сенімнің, достықтың және бірліктің жарқын үлгісі.


