Алматыда жаңа заманауи кітапхана ашылды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай қала әкімдігінің қолдауымен жаңа, заманауи кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды мәдени оқиғаға Алматы қаласының әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири, әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Абдезұлы, Қазақ радиосының дикторы және ардагері Сауық Жақанова, Сәуле Досжан, Бейбіт Сарыбай, Мұратхан Шоқан сынды бірқатар жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен мәдениет өкілдері қатысты.

Салтанатты шара барысында қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, жаңа кітапхананың мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы таныстырылды. Кітапхана дәстүрлі кітап мәдениеті мен заманауи цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, қала тұрғындарына арналған көпфункционалды мәдени әрі білім беру алаңы ретінде жобаланған. Мұнда келушілердің жайлы әрі тиімді уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған.

Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Көру қабілеті төмен оқырмандарға арналған ірі қаріптегі және арнайы форматтағы әдебиеттер қоры жинақталған. Сонымен қатар заманауи компьютерлік зал, жеке жұмыс істеуге арналған тыныш оқу аймақтары, топтық кездесулер мен шығармашылық жобаларға арналған кеңістіктер жабдықталған. Кітапхананың бай кітап қоры мен дамыған материалдық-техникалық базасы әртүрлі жастағы және қызығушылығы сан алуан оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жаңа кітапхананың қала өміріндегі маңызын атап өтті:

«Кітапхана – қаланың рухани тынысын айқындайтын орын. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына жаңа білім нәрін сусындауға, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырмыз. Бұл кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, ой мен идея тоғысатын заманауи мәдени орталық», – деді Абзал Нүкенұлы.

Кітапхананың ерекше жобаларының бірі – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы – ойна!» жобасы. Осы жоба аясында балалар аймағында PlayStation 5 орнатылып, ойын мен оқуды үйлестіретін жаңа формат ұсынылған. Бұл бастама балаларды кітапхана кеңістігіне тартуға және олардың оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Абдезұлы да өз пікірін білдіріп, кітапхананың тәрбиелік және мәдени маңызына тоқталды:

«Кітапхана – болашақ оқырманды тәрбиелейтін маңызды мәдени орта. Мұндай заманауи әрі толық қолжетімді кеңістіктің ашылуы жастарды кітапқа жақындатып, оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтереді», – деді Қансейіт Абдезұлы.

Жаңа кітапхана барлық келушілер үшін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толық қолжетімді орта қалыптастырып, инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл жер алдағы уақытта кітап пен шығармашылықты қадірлейтін, білім мен рухани дамуға ұмтылатын қала тұрғындарының басын қосатын танымал мәдени орталыққа айналмақ.

Бұл бастама Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымын дамытуға, оқырман мәдениетін жаңғыртуға және ұлттың рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.

Қалалық жаңа кітапхана Розыбакиев көшесі 247-үй, 7- блок мекен-жайында орналасқан және қала тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті 08:30-20:00 уақыт аралығында демалыссыз жұмыс істейді.

Алматы қаласының баспасөз қызметі