Алматыда жыл сайынғы Womеn in Business іскерлік форумы өтті

Бір алаңда бизнес-қоғамдастықтың табысты да танымал спикерлері мен кәсіпкерлері тоғысты. Қонақтарға тиімді нетворк, сапалы контент, бірегей кейстер мен іскерлік ортаның ең өзекті ақпараттары ұсынылды.

Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесі, Halyk Bank пен Masterсard ұйымдастырған форумға 300-ден аса ісі дөңгелеген әйел кәсіпкер, қоғам қайраткерлері, даму институттары мен ірі компаниялар, банктердің басшылары қатысты.

            «Біз іскер және кәсібін жаңадан бастаған әйел кәсіпкерлер үшін мазмұнды әрі пайдалы бағдарлама ұсындық. Дәстүрлі форум биыл бесінші рет өтіп отыр. Әр сессия –  көшбасшылардың көзқарастарын ортаға салып, сарапшылар өз тәжірибелері туралы баяндайтын, белгілі бір тақырыпқа арналған жеке блок. Бізді форумның аясы ұлғайып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген, жақын және алыс шетелден әріптестеріміздің қатысатындығы қуантады», – дейді форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева.

 ҚХР Бас консулы Цзян Вэй әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту – жаһандық тұрақты даму жолындағы маңызды мәселе екенін атап өтті:

«Бұл форумды қазіргідей күрделі жаһандық ахуал жағдайында өткізу, әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту сияқты тақырыптар жөнінде пікір алмасу, талқылау маңызды практикалық мәнге ие және уақыт айрықшаларын көрсетеді», – деді Цзян Вэй.

«Даму» қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева әйелдер кәсіпкерлігіне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауды тілге тиек етті.

«Үкімет Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай көңіл бөліп отырса, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бар. «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ын – әйел кәсіпкерлердің жобалары құрайды. Қор өз қызметіне кіріскелі бері әйел кәсіпкерлердің құны – 2 893 млрд теңге болатын 96 мың жобасына қолдау көрсетті. Қазіргі таңда кәсіпкер әйелдер өз бизнес-идеяларын іске асыруда, компанияларын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруда мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады», – деп атап өтті «Даму» қорының басқарма төрайымы ГауҺар Бөрібаева.

АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин әйелдердің қоғам мен экономиканың өркендеуіндегі айрықша рөлін атап өтті.

«Әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін ұлғайту – қоғамның алға жылжуында шешуші мәнге ие. Сондықтан біз әйелдерге лайықты жалақы төлей отырып, сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Қазақстанмен ынтымақтасуға ниеттіміз», – деді АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин.

Dasco Consulting Group басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов сауда саласындағы әйелдердің рөлі туралы сөз қозғады:

 «Алматы қаласы сауда-саттықпенмен айналысатын әйелдер саны жағынан көш бастап тұрғанымен, олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ы әйелдерге тиесілі. Саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында, бұл өңірдегі көрсеткіш 47%-ға жетеғабыл», – дейді Дәрмен Сәдуақасов.

Сондай-ақ спикер жалпы экономикаға қарағанда, сауда секторында жоғары білімді әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті:

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38% болса, сауда секторында – 49%. Керісінше, саудада арнаулы техникалық және кәсіптік білімі бар, жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 45%, жалпы бұл көрсеткіш Қазақстанда – 56%-ды құрайды».

Сол сияқты форумда әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайырымдылық тақырыбына да жеке сессия арналды. Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерліктің артында өз бизнесін дамытуға және қалалар мен ауылдардың дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылған адамдар тұрғанын алға тартты.

             

«Дәл қазіргі таңда Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын 23 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Біз басқа қорлармен бірлесіп, қайырымдылық саласын жақсартуға бағытталған ұсыныстар беруге дайынбыз. Содан кейін осы ұсыныстарды әрі қарай жетілдіру мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелерге жолдаймыз», – деді Halyk қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

 «Әйелдер көшбасшылығының жасампаздық қағидаты жылдар бойы Қазақстан экономикасы мен қоғамдағы түрлі көзқарастарды белсенді түрде өзгертіп келеді. Ірі отандық қайырымдылық ұйымдарын ұзақ жылдар бойы әйелдер басқарса, олар өз бизнестерін де қатар дамытып, экономикадық өрлеу мен елдің дамуына қолдау танытып, мемлекеттің көкейкесті әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп келеді», – деді  Ayala қайырымдылық қорының негізін қалаушы әріпрезиденті Айдан Сүлейменова.

«The Coca-Cola Foundation қайырымдылық қорының қолдауымен Қазақстанда 12 жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Өсу қадамдары» жобасы» ауылдағы әйелдер бизнесі тақырыбын кеңінен насихаттауға, оған қоса Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл кәсіпкерлеріне арналған несиелер бойынша жеңілдік мөлшерлемелерін енгізуге ықпал етті. 11 жыл ішінде 75 мыңнан астам әйел бизнес негіздеріне тегін оқытылды. Ұйымдастырушылардың бағалуы бойынша, тек пандемиядан бері 5 мың жұмыс орны бар 3 мыңнан астам шағын бизнес құрылды», — деп атап өтті Coca-Cola Орталық Азия мен Кавказдағы өкілдігінің коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры Александра Акирман.

 Women in Business – бизнес-ортаның, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі, экономикалық саясат, салалық мамандандыру, ШОБ-ты дамыту мен басқа да өзекті, түйткілді тақырыптар талқыланатын, кәсіпкер әйелдерге арналған дидарласу алаңы.