Алматыда жылыту маусымы апатсыз өтті: аяқталуы 10 сәуірге жоспарланған

Алматы әкімі Ерболат Досаев жылыту маусымын аяқтау және 2025-2026 жылдардағы келесі жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Қазіргі жағдай туралы Энергетика және су шаруашылығы басқармасының, «Алматы жылу желілері», «Алматыжылукоммунэнерго», «Алматы электр станциялары», «Алатау Жарық Компаниясы», «Алматы Су», Алматы филиалы «QazaqGaz Aimaq» өкілдері баяндады. Ұйымдардың мәліметінше, 2024-2025 жылдардағы жылу маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлығы 404 білім беру, 128 денсаулық сақтау және 8 863 тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген.
Жылыту маусымын дайындау және өткізу ережесіне сәйкес, Алматыда сыртқы ауа температурасының орташа тәуліктік +8⁰ және одан жоғары болғаны, гидрометеорологиялық қызмет тарапынан бес күн бойы тіркелгені негізінде 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданды.
Жылу беру 10 сәуірден бастап кезең-кезеңімен өшіріле бастайды, алдымен әкімшілік ғимараттар, білім беру мекемелері, мәдениет нысандар және басқалары, кейін тұрғын үйлер (тұрғын үй ғимараттары, жатақханалар, қонақ үйлер) және әлеуметтік нысандар (балабақшалар, емдеу мекемелері, мектептер, кәсіби мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер).
Кеңес барысында биыл ұзындығы 39 км жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланғаны атап өтілді. Қазіргі таңда жылу желілері 56,1% тозған, қабылданған шаралар арқылы бұл көрсеткішті 54,9%-ға дейін төмендету көзделген.
Айта кету керек, 2024 жылы қалада 20 км жылу жүйесі жаңартылды, 85 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылу беру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жылыту маусымын өшірмей аяқтауға мүмкіндік берді.
Алматы қаласының баспасөз қызметі