Алматыда «Золушка» балетінің премьерасы өтіп, көрермендердің жүрегін баурап алды!

Жаңа жыл мерекелерінің қарсаңында ҚР Мемлекеттік академиялық би театры оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарына С. Прокофьев музыкасына қойылған «Золушка» балетінің премьерасын тарту етті. Дүниежүзінің жетекші сахналарынан 80 жылдан бері түспей келе жатқан бұл қойылым XX ғасырдағы ең лирикалық әрі ең сүйікті балет ертегілерінің бірі саналады. Нәзік хореография, музыканың драматизмі және мейірімділік, еңбек пен арманға адалдық жайлы мәңгілік оқиға сахнада шынайы ғажайып әсерін тудырды.
Би труппасының жетекші солистері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлап, классикалық балеттің сиқырлы атмосферасына жетеледі. Қойылымды Санкт-Петербург хореографы, А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Екатерина Волкова сахналады. Бұл жоба хореограф үшін өз туған сахнасына, кәсіби жолының бастауына символдық түрде қайта оралу болды.
Премьера күндері қаладағы басты сахналарда – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында және «Almaty Theatre» сахнасында өтті. Алматы көрермені көптен күткен бұл классикалық ертегіні ересектер де, хореография әлемін енді ашып жатқан жас көрермендер де тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

«Бұл оқиғаны балет тілінде қалай жеткізуге болатынын ұзақ ойландым: қандай эпизодтарды алдыңғы орынға шығару, қандай желілерге басымдық беру, қай жерде сюжетті өзімше түсіндіруге болатынын қарастырдым. “Золушка” – мағынасы терең, түрлі реңктерге толы ертегі. Соған қарамастан, мен үшін оның классикалық негізін сақтау маңызды болды: спектакль классикалық хореографиялық тілмен – қимыл, музыка, сахналық композиция және артистің шынайы эмоциясы арқылы баяндалады. Көрермен бала кезден таныс ертегіні танып қана қоймай, өзіне жақын жаңа қырларын ашса деймін», – дейді қойылым хореографы Екатерина Волкова.
Хореограф театрдың жаңарған маркетингтік бағытын, шығармашылық ұжымның кәсібилігін, педагогтардың шеберлігін және жұмыс барысында қалыптасатын жылы шығармашылық атмосфераны ерекше атап өтті. Премьераның алғашқы күнінде Золушка партиясын жапониялық Минами Ватанабэ, ал екінші күні Сымбат Мақсұт орындады. Бас партияларды би труппасының жетекші солистері сомдап, техникасы мен актерлік шеберлігі арқылы әр көріністі әсерлі, жүрекке жақын етіп жеткізді.
«Золушка» тарихы түрлі буын көрермендері үшін әрдайым өзекті. Спектакль жарыққа, шабытқа және ең бастысы – еңбектің, төзімділіктің әрі адалдықтың кез келген сынақты жеңуге көмектесетіні жайлы маңызды ойға толы.
Театр директоры Жәнібек Төлеубекұлы Өтегенов:
«Біз Болат Ғазизұлы Аюхановтың дәстүрі мен мұрасын сақтай отырып, ұлы Мэтрдің ісін жалғастырамыз және заманауи трендтерге бейімделеміз. Театрдың басты міндеті – ұлы хореографтың шығармаларын ұқыпты қалпына келтірумен қатар, жаңа қойылымдармен репертуарды толықтыру, атақты балетмейстерлерді, хореографтарды, әртістерді шақыру, шығармашылық серіктестіктерді кеңейту. Академиялық бидің тілі әрдайым тірі әрі сұранысқа ие болуы үшін жұмыс істейміз. Әрбір репертуар жаңаруы Мэтр негізін қалаған биік көркемдік стандарттарға сай болуы біз үшін өте маңызды»
Кештің мерекелік атмосферасын театр фойесінде өткен көрме толықтыра түсті. Қонақтар фотограф Алёна Глаголева түсірген жұмыстарды тамашалады. Оның репетициялар барысы мен сахна сыртындағы сәттерді бейнелейтін фотосуреттері көрерменге балет әлемін басқа қырынан көруге мүмкіндік берді және осындай кешті жасауға қанша еңбек жұмсалатынын терең сезіндірді.
Алматыдағы «Золушка» премьерасы маусымның маңызды мәдени оқиғасына айналды — классика мен заманауилықтың, ертегі мен шынайылықтың, музыка мен сұлулықтың нәзік үйлесімі ретінде есте қалды. Спектакль көрерменнен ыстық ықылас көріп, финал бурные овациями және ұзақ шапалақпен аяқталды.
8 желтоқсан, сағат 19:00-де би театры көрерменін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында өтетін театрдың негізін қалаушы, балет өнерінің аңызы Болат Аюхановты еске алуға арналған «Балет шамдары» жаңа жылдық гала-концертінде күтеді.
Билеттерді Ticketon сайтынан сатып алуға болады.
Фотосуреттер: Владимир Акуленко


