Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй ханым: «Қытай мен Қазақстан байланысы нығая түсетініне сенімім мол»

Алматыдағы Қытай Халық Республикасының бас консулы Цзян Вэй ханым ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша және БАҚ өкілдерінің төл мерекесінің құрметіне орай арнайы қабылдау шарасын өткізді.

Консул ұзақ мерзімді достық пен өзара көмек әрқашан қытай-қазақ қатынастарының негізі болғанын атап өтіп,  шараға келген БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол Бас консулдық екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін журналистермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенетінін баса айтты. Қытай-қазақ қоғамдастығын нығайту үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен одан әрі ынтымақтастыққа үміттенетінін жеткізді.

Алматыдағы Қытай Халық Республикасының бас консулы Цзян Вэй ханым:

«Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан екі ел арасындағы достық, жоғары деңгейдегі өзара сенім және өзара көмек әрқашанда Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының басты тақырыбы десек артық айтпағаным емес. Біздің халықтарымызды тек тарих қана емес, сонымен бірге бейбітшілік және ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылыс байланыстырады. Өз тарапымыздан біз өзара құрмет пен қолдауға негізделген жарқын болашақты құруды жалғастырамыз»

Консул ханым екі ел президенттерінің сәтті кездесу нәтижелерімен бөлісіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы халықаралық байланыстың нығая түсетініне сенімі мол екенін айтты.

«Қытай мен Қазақстан халықтарының тыныс-тіршілігі мен мәдениеті ұқсайтын секілді. Мысалы, біздің ел де күн шықса, бақытқа бөленеді деген ұғым бар. Ал қазақ халқы жаңбыр жауса, нұр жауады деп ниет етеді. Тағы бір қызығы, біздің ютяо мен сіздердің бауырсақ ұқсас келеді. Тіпті, оны дайындау жолы да бірдей. Мен бауырсақты өте қатты жақсы көремін. Дәмді тағам», — деп өз сөзін толықтырды Цзян Вэй ханым.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2-4 шілде аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар «ҚХР мен Корея арасындағы Бірлескен мәлімдемеге» және экономика, сауда, авиация, ғарыш, білім және БАҚ салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты көптеген екіжақты құжаттарға қол қоюмен ерекшеленді.

Сапардың маңызды сәттері:

Көшбасшылар арасындағы достық: Президент Тоқаев Қытай әнімен әуежайда салтанатты қарсы алу рәсімін ұйымдастырды

Саяси сенім: Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және ортақ тағдырлар қауымдастығын құруға бейілділігін қуаттады. Си Цзиньпин халықаралық жағдайдың өзгеруіне қарамастан, достық пен жан-жақты ынтымақтастыққа ұмтылыстың сақталуын атап өтті. Тоқаев мырза Қытай Қазақстанның тату көршісі және стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Прагматикалық ынтымақтастық: Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Сапар барысында тараптар екі жақты тауар айналымын екі есеге арттыру және экономика, инвестиция, энергетика, ғылыми-техникалық инновациялар және цифрлық экономика сияқты салалардағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісті. «Белдеу және жол» жобасына тың серпін беретін Қытай-Еуропа Транскаспий халықаралық көлік бағыты іске қосылды.

Халықтар арасындағы байланыс: Си Цзиньпин мен Тоқаев Қазақстандағы екі елдің мәдени орталықтары мен Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты. Қытай тарапы да келесі жылы Қазақстанда «Қытай туризм жылын» өткізеді.

Сондай-ақ, 4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтті. Саммит барысында Астана декларациясы және басқа да маңызды құжаттар қабылданды. Си Цзиньпин өз сөзінде қауіпсіздікті қорғау, даму құқығын және жаңа сын-қатерлер мен өзгерістер жағдайында бірлікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Қытай мен Қазақстан негізін қалаушы мүшелер ретінде ШЫҰ-ны дамытуда және аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылық пен гүлденуді сақтауда маңызды рөл атқарады.