Алматылық кәсіпкерлер араша сұрайды
Алматыдағы «Евразия» және «Рахат» базарларындағы бір топ саудагерлердің ендігі үміті тек Президентте. Алты жылдан бері әділдік орната алмай келе жатқан кәсіпкерлердің шағым айтып ашпаған есігі қалмапты. Бүгін салы суға кеткен кәсіп иелері журналистермен кездесіп, жан-айқайын жеткізді. Күннің ыстық суығына қарамастан саудасын жасап, отбасын асырап жүрген саудагерлердің айтуынша, созбалаңға салынған сот ісі оларды сергелдеңге салған.
«Рахат» базарының 44 саудагерінің жылы орнын әкімдік тартып алмақшы. Себебі ол орынға қала әкімдігі саябақ салмақ. Дәл базар ортасынан саябақ салу кімнің ойы. Нәпақасын саудамен тауып отырған жұрт жылы орнын тастап қайда барады? Ал «Еуразия» базарының ісі аяғы жоқіске айналды.
2015 жылы базарларды модернизациялаймыз дегенге сенген саудагерлдер базарға жаңа ғимарат салуға тапқан таянғандарын құяды.
Саудагер Сәуле Абдуллинаның айтуынша, сол кездегі базар қожайыны Н.Овсянников меншік иесі боласыңдар деп 67 ге жуық саудагерден қомақты қаржы жинаған. Кейін қожайын қаржыны қалтасына басып шетел асыпты.
«Біз неге алаяқты елге қайтармаймыз. 67 кәсіпкердің 5,5 млн долларын қалтасына басып, емін еркін жүрген қылмыскерді ұстауға біздің заңның неге күші жоқ. Іс қозғалып жатса да, біздің сауда үйінің орындары бір адамнан бір адамға әлі саудаланып жатыр. Енді Шәміл Әбіш кетіп орнына басқа компания келді. Олар төменгі этажға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз неге кетуіміз керек? Біздің тірнектеп тапқан қаржымызды кім қайтарады? Неге өз елімізде жетім баланың күйін сезініп отырмыз. Овсянниковке 2016 жылы Қазақстан азаматтығы берілген. Егер ол 2001 ден бастап Ресей азаматы болса, 2016 жылы азаматтықты кім берген? Біз енді қайда барамыз? Кімге барамыз? Шырылдап жүрген 67 адамның жан айқайын тыңдайтын адам бар ма? Біздің талабымыз Овсянниковті елге қайтарып, біздің қаржымыз қайтарылсын», — дейді кәсіпкер Сәуле Абдуллина.
Саудагерлердің құқығын қорғап жүрген заңгерлердің айтуынша істің сағызша созылуы құқық қорғау органдарының немқұрайлы қарым-қатынасынан дейді.
«6 жылдан бері сот процесіне нүкте қойылмай келеді. Біз бұл мәселені айта-айта жауыр болдық. Өйткені жауапты органдар нүкте қоюға құлықсыз. Біз енді Президенттен көмек сұраймыз. Енді суда үйінің орнына әкімдік сквер салғысы келеді. Бұл процессте де көптеген инстанциялардан өттік. Бүгінде Жоғары сотта біздің өтінішімізді қарамай отыр. Дәл Барахолканың ортасынан сквер салуды түсінбей отырмыз. Бұл «Рахат» базарына қатысты. Ал «Еуразия» сауда орталығының жағдайы да түсінікіз. Бұл істе созбалаңға салынуда. Қаржыны қалтасына басып қашып кеткен Овсянников сырттай сотталғанымен, елімізге экстрадицияланбады. Ал сауда үйінің жаңа басшылары қайта қайта ауысып жатыр. Менің ойымша бұл істің созбаққа созылуында лауазымды адамдардың әсері бар. Біз Президенттен осы мәселеге бей-жай қарамауын сұраймыз», — дейді «Рахат» базары мен «Еуразия» сауда үйі кәсіпкерлерінің өкілі, «AZP» заңгерлер палатасының мүшесі Жәнібек Башанов.
Оның айтуынша істің нәтижелі жүргізілуіне заң өкілдері назар аударатын емес. Бір жарым жылдан бері прокуратура іспен әлі танысып жатыр екен.
2023 жылдың 15 қаңтарында «Евразия» сауда үйі кәсіпкерлерінің шағымдары негізінде аса ірі көлемде шығын келтірген алаяқтық фактісі бойынша сауда үйінің бұрынғы иесі И.Н.Овсянниковке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оған негіз болған 2022 жылы орын алған бас-аяғы 6 айда сауда үйіне қатысты 6 сатып-алу келісім-шартының орын алғаны. Жалпы 50 жәбірленушінің 4 994 500 АҚШ долларына «Евразия» сауда үйі салынған. Кәсіпкерлер өз қаражатын сауда үйіне үлестік меншік иесі ретінде салған.
2023 жылдың 6 сәуірінде И.Овсянников сырттай сезікті деп танылып, оны қылмыстық әрекеті ҚР Қылмыстық кодек сінің 190 бабының 4 бабы ә тармағы бойынша бағаланған.
2023 жылдың 12 сәуірінде И.Овсянниковке қатысты сырттай қамауға алу шарасы қолданған.
2023 жылдың 26 сәуірінде Овсянниковке халықаралық іздеу салынған.
Дегенмен, қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу созбалаушылыққа салынуда. Тергеу мен прокуратура органдары қылмыстық істі жан-жақты, объективті тергеуге құлықсыз.
Созбалаңға салынған істе құқық қорғау органдарының жұмысы дұрыс жүргізілмеген дейді Алматы облысы заңгерлер палатасының мүшесі Сержан Аршабеков.
Ол: « Менің ойымша істі тәжірибесіз әрі заңгерлік білімі жоқ мамандар жүргізген. Олар іс бойынша нормаға сай тексеріс жасамаған. Тергеу барысында қылмыстық істің жүргізілуінде бірнеше олқылықтар бар. Біз азаматтық қоғам өкілдерін, қоғам белсенділерін БАҚ өкілдерін осы іске бей-жай қарамауын өтінеміз», — деді.
Созбалаңға салынған істің аяқталуын өтінген кәсіпкерлердің соңғы үміті Президентте. 6 жылдан бері қақпаған есігі қалмаған саудагерлер алдағы күндері Ақордаға аттанбақ.