Алматылық Қуыршақ театры Астана төрінде

Қазақ қуыршақ өнерінің алтын діңгегі саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры – балғын бүлдіршіннің қиялын ұштап, ұлттық құндылыққа тәрбиелейтін мәдениеттің алғашқы мектебі. Театр ұжымы ағымдағы жылдың  30 маусым мен 4 шілде аралығында Елордамыз Астана қаласында өтетін IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне жолдама алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер, профессор Құралай Халекетқызы Ешмұратованың 80 жылдық мерейтойына арналған бұл халықаралық фестиваль әлемдік қуыршақ театрларының басын қосатын мәдени шара. Өнегелі өмірін қуыршақ өнерінің өркендеуіне арнаған Құралай Халекетқызының шығармашылық мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған фестиваль аясында театр ұжымы «Қаңбақ шал» спектаклін ұсынады. Халық ауыз әдебиетінің жауһары саналатын бұл туындыны режиссер Құралай Ешмұратова 1987 жылы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында сәтті сахналап, театр репертуарының алтын қорына енгізген. Қазақ халқының бойтұмары саналатын салт-дәстүрді, батырлық пен адалдықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет ұғымын дәріптейтін өмірлік сабақ беруді көздейтін спектакль бүлдіршіндерді ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, ұлттық дүниетаныммен тәрбиелеуді көздейді.

«Құралай Халекетқызы – қазақ қуыршақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан театр әлеміндегі дара тұлға. Оның режиссурасымен сахналанған «Қаңбақ шал» спектаклі ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізіп, төл мәдениетімізге деген құрметті қалыптастырады. Елордамыз Астана қаласында өтетін IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысу – халықаралық және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар, көркемдік және  техникалық қызметкерлердің кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік береді», – дейді театр директоры Алмат Амангелді.

«Қаңбақ шал» спектаклі – бұған дейін де бірнеше халықаралық фестивальдерде топ жарып, шет елдік көрермендердің қошеметіне бөленген. Ұлттық құндылығымыздың заманауи сахнадағы жарқын көрінісі саналатын  бұл қойылым Жапония, Чехия, Иран, Түркия, Өзбекстан сынды елдерде қазақ фольклоры мен қуыршақ өнерінің көрінісін паш ете білді.

Халықаралық фестиваль аясында өнер көрсететін театр ұжымына сәттілік тілейміз!