Алматылық оқушылар Хьюстондағы робототехника бойынша ең ірі әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

Алматыда робототехника және дрондарды басқару бойынша Орталық Азия халықаралық чемпионаты Almaty Tech Cup-2025 өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 3 мыңнан астам оқушы қатысты.
Биыл байқаудың тақырыбы — су ресурстары мен су астының жаһандық мәселесін зерттеуге арналды. Қатысушылар роботтарды құрастырып қана қоймай, суды тазартуға, экожүйелерді бақылауға және теңіз флорасы мен фаунасын қалпына келтіруге бағытталған жобаларды әзірледі. Оқушылар өздерінің ғылыми әзірлемелері мен инновациялық стартап-жобаларын төрт түрлі санатта ұсынды.
Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша ересек балалар категориясында FIRST Tech Challenge және Алматы қаласы әкімінің бас кубогы, сондай-ақ америкалық Хьюстонға әлем чемпионатына жолдаманы Алматы НЗМ ХБН «PID» командасы жеңіп алды.
Сондай-ақ АҚШ-та ел намысын Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған лицей-интернатынан «JelToqSun», Алматы қаласы НЗМ-нен «Cristabol», сондай-ақ Алматы қаласы «Білім-инновация» лицей-интернатынан «SANA» командалары қорғайтын болады.
First Lego League Challenge орта жас категориясында екі команда жеңімпаз атанды: Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған лицей-интернатының «RassLexx», Астана қаласынан «SKILLSET». First Lego League Explore кіші жас категориясында Павлодар облысының «Atlantis» командасы жеңіске жетті. Барлық командалар 2025 жылдың 16-19 сәуірі аралығында Хьюстондағы халықаралық кезеңге аттанады.
Aspan Drone Competition дрондары бойынша жарыста FPV командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды «Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығы» және үшінші орынды Altay командасы иеленді. Aspan Drone жарыстарында Аlmaty Tech Кубогын Орал қаласының облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығы жеңіп алды.
Ақшалай жүлделерден басқа қатысушылар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған гранттар мен бағалы марапаттарға ие болды.
Шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі және қала әкімдігінің қолдауымен «Дарын» РҒПО, Алматы қаласының білім басқармасы, USTEM Foundation ҚҚ, «Ashyq Aspan» ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі