Алматылықтар кітапханаларда шетел тілдерін тегін үйреніп жатыр
Алматы кітапханаларында түрік, ағылшын, неміс, француз және қытай тілдерін тегін оқып үйренуге болады. Мұндай мүмкіндікке балалар да, ересектер де ие. Тіл үйренуге ниет білдіргендерге сабақты университет оқытушылары, елшілік өкілдері мен еріктілер жүргізеді. Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қала кітапханалары ел азаматтарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында барынша қолайлы жағдай жасап жатқанын айтты.
«Қазір заманауи кітапханалар көп салалы мәдени орталықтарға айналып келе жатыр. Мамандар оқырмандар үшін әдеби викториналар, авторлармен кездесулер, түрлі тақырыптық байқаулар өткізіп қана қоймай, кітап және тіл үйірмелерін ұйымдастырып жүр. Қазірдің өзінде 4000-ға жуық адам шетел тілі курстарынан өткен, бұл негізінен 5 және 17 жас аралығындағы балалар. Осылайша, біз өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға байланысты Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырманы орындап жатырмыз. Сондай-ақ кітапханалар желісін цифрландыру, кітап қорын жаңарту бойынша жұмыстар да жүріп жатыр. Бұл мәселелер қала әкімінің ерекше бақылауында. Жалпы біз қоғамның жан-жақты дамуына ықпал ететін кез келген шығармашылық бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Айта кетейік, мектеп жасына дейінгі балалар да ата-аналарымен бірге «Onay English», «English for children», «Mama&me» және «Read-ka» жобаларына қатысып жатыр. Алматы кітапханалары қазақ тілін үйренемін және жетілдіремін дейтін оқырмандар үшін де қолайлы жағдай жасаған: қазақ тілінде көркем жазу, дұрыс сөйлеу және шешендік өнерге баулуға бағытталған жобалар жүзеге асуда.