Алматыны бимен көмкерген кеш
ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 69-шы жаңа маусымын ашты. Алматы Theatre сахнасында өткен өнер кеші балетмейстер Талғат Ахметовтың «Самғау» би қойылымымен ашылды.
«Азия аңыздары» деп аталатын жаңа маусымдағы бағдарламада көрермендер «Жастық жалын», «Идона», «Долан», «Кальчум», «Қыз қуу» және тағы да басқа ерекше би қойылымдарын тамашалады.
Қазақ би өнерінің тарихы ықылым заманнан басталады. Ал сол саф өнердің тұнығын лайламай, жаңа заманға жеткізе білген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі осынау ұлы өнердің өрісін кеңейтіп, елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығының үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ұжымның қоржынында тек қазақ халқының емес, әлем халықтарының тарихы мен болмысынан сыр шертетін сандаған қойылымдар бар.
«Би – бұл үлкен өнер. Ал, үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінетіні ақиқат. «Өнер-өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деп айтқандай, саф өнерді әрқашанда бағалайық, қолдайық. Сахнаның сыртында қаншама тер, балет артистерінің үздіксіз дайындығы, ұжымның үлкен еңбегі жатыр. Бүгінгі салтанатты кешімізде үмітіміз ақталды. Тек біз ғана емес келген кеш көрермендері де ерекше сезімде жүр. Жүздерінен таңданыс пен қуанышты байқадым. Бұл бүгінгі концерттің жетістігі», – деді көркемдік жетекші Қуанышбек Төлеген.
«Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Жаңа бағдарлама керемет екен. Бишілердің орындауы, шеберлігі, әсіресе қыздардың қимыл-қозғалыстары ұнады. Ұлдардың кәсіби деңгейлері жоғары екені бірден көрінеді. Би қимылдарын бірдей, мінсіз, көркем түрде жеткізе білді. Жарайсыңдар!» — деді кеш қонағы.
Ал өнер кешіне ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері, би саласының ардагерлері мен педагог репетиторлар жиналған болатын. Роза Рымбаева концертке жоғары бағасын беріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.