Алматының Алмалы ауданындағы 10 көшеде инженерлік желілерді қайта жаңарту аяқталды
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде инженерлік желілерді жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жыл басынан бері ауданның 10 көшесінде 3,5 км сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылды. Биыл қарашаға дейін ұзындығы 5,3 км болатын тағы 11 көшеде жұмысты аяқтау жоспарланған. Жоба ауданның 770 үйі мен 4,5 мың тұрғынын қамтиды.
Қала басшысының тапсырмасымен биыл тамыз айында Төле би көшесі, 280 мекенжайы бойынша сорғы бекетін қайта жаңарту басталды. Бұл жұмыс осы жылдың қазан айында бітеді деп жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 1,5 мың абонент сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
Ауданның 2,6 мың тұрғынын жылумен сапалы қамтамасыз ету үшін Түркебаев көшесінде 30 жылдан астам пайдаланылған магистральдық желілерді қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Жұмыс жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады.
Биыл Алматыда жалпы ұзындығы 20 км болатын 23 нысанды қайта жаңарту көзделген, бұл жыл сайынғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұл жылу шығынын, сондай-ақ желілердің тозуын шамамен 1,8% төмендетуге мүмкіндік береді. Осы жылы Алматыда жылумен жабдықтау желілері 57,9% тозған.