Алты жылдық үзілістен кейін Петропавл әуежайында халықаралық рейстер қайта жанданды  

2025 жылғы 2 шілдеде Петропавл халықаралық әуежайынан алты жылдан кейін алғашқы халықаралық жолаушылар рейсі орындалды. SCAT әуекомпаниясы Петропавл – Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша чартерлік әуе қатынасын іске қосты. Рейстер әр 10 күн сайын Boeing 737 ұшағымен орындалады.

Шалғай солтүстіктегі әуежайдан халықаралық рейстердің қайта жандануы тек авиация саласы үшін емес, жалпы Солтүстік Қазақстан өңірі үшін де маңызды оқиға. Петропавлдан халықаралық ұшулар 2019 жылы тоқтатылған болатын.

Халықаралық рейсті ұйымдастыру үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Әуежайдың инфрақұрылымы реттеліп, Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі мен Кедендік бақылау қызметкерлерінің жұмысы үшін қажетті орындар мен жабдықтармен қамтамасыз етілді. Барлық рәсімдер қолданыстағы заңнама мен халықаралық авиациялық стандарттарға сәйкес жүргізіледі.

SCAT әуекомпаниясының мәліметінше, Египет – қазақстандықтар үшін ең сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі. Петропавлдан тікелей рейстің ашылуы өңір тұрғындары үшін тікелей ұшулар географиясын кеңейтіп, көршілес облыстардың ірі әуежайларына бару қажеттілігін азайтады.

«Халықаралық қатынастың қайта жандануы – бұл әуежай ғана емес, бүкіл өңір мен СҚО тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Енді тұрғындарға демалысқа аттану үшін өзге облыстар мен әуежайларға барудың қажеті жоқ. Рейсті іске қоспас бұрын елеулі дайындық жұмыстары жүргізілді: шекара қызметі мен кеден өкілдерінің жұмыс істеуіне арналған орындар жаңартылып, бейімделді», – деп атап өтті Петропавл халықаралық әуежайының атқарушы директоры Мустафа Йылтан Октем.

Халықаралық ұшулардың қайта жандануы өңірдегі іскерлік және туристік белсенділіктің қалпына келгенін ғана емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымын дамытудағы тартымдылығының артуын да көрсетеді. Әуежай басшылығы әуе тасымалдаушылармен бірлесіп, туристік те, әлеуетті іскерлік те жаңа бағыттарды пысықтауды жалғастыруда.

Петропавл халықаралық әуежайы «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. Сенімгерлік басқару шарты 2022 жылы бес жыл мерзімге жасалған. «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» компаниясын сенімгерлік тұлға арқылы Orbis Kazakhstan тобы басқарады. Топ бұл нысанды әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қабылдап, пайдаланушы сертификаты қайтарылғаннан кейін әуежайдың жұмысын қалпына келтіру және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында басқаруға алды. Orbis Kazakhstan тобы әуежайды басқаруға алған сәттен бастап Петропавл әуежайына 1,2 миллиард теңгеден астам инвестиция құйды.

Orbis Kazakhstan 2001 жылы қазақстандық кәсіпкерлер Фаррух пен Сухраб Махмудовтармен құрылған. Холдинг құрамында автомобиль жасау, құрылыс, техника дистрибуциясы, мұнай-газ сервистері, агробизнес және басқа да салаларда активтер бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің жалпы айналымы 1,5 миллиард АҚШ долларын құрады.