ӘМАТ тауарлары бағасының өсу динамикасы баяулап келеді

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тиісті мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын талқылады. Жиын  барысында ҚР Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова ӘМАТ бағасының өсу динамикасы баяулай бастағанын атап өтті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың 18 ақпанына дейін ӘМАТ бағаларының индексі 2,6%-ға, соңғы аптада 0,4%-ға өсті, ал 2 апта бұрын  бұл көрсеткіш 0,6% болған.

Апта ішінде рожки (-0,2%), тауық еті (-0,1%), күріш (-0,4%), картоп (-0,4%), жұмыртқа (-0,5%) және сәбіз (-0,7%) бағаларының төмендеуі байқалды. Нан мен сүт бағасы тұрақты. Баға өсімінің төмен қарқыны Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.

Облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар бағаны төмендетуге және халықты қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Министрдің бірінші орынбасары осы шараларды жаңа егін жинау басталғанға дейін күшейту қажеттілігін атап өтті.

Жиын барысында делдалдарсыз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді тарта отырып,  халық үшін ыңғайлы орындарда тұрақты жәрмеңкелер өткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ»  акционерлік қоғамының қорынан күнбағыс майын қолжетімді бағамен сатып алуды  ұйымдастыру жөнінде бірлескен шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, аймақтар бойынша ет өндірушілер мен ірі қара малды сойатын цехтармен тиімді өзара іс-қимыл жасау және өнім көлемдерін сауда объектілерінде әрі қарай сату алгоритмдері талқыланды. Түркістан облысы ерте пісетін қырыққабаттың келісімшарт арқылы сатып алуын ұйымдастыру үшін қырыққабат өндірушілерінің тізімін қалыптастыруға дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ сауда субъектілері арасында салық заңнамаларын сақтау мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, наурыз айының ортасынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырғаны үшін ескерту орнына айыппұл салынады. Бұл сауда субъектілерінің жауапкершілігін арттырып, әкімшілік тәртіпті нығайтады.

Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция министрлігі бағаны бақылай отырып, қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.

ҚР СИМ Баспасөз қызметі