Анастасия Городко Әлем Кубогының қола медаліне қол жеткізді

Алматы қаласында өтіп жатқан фристайлдан Әлем Кубогының кезеңінде отандасымыз Анастасия Городко жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ұлттық құрама спортшысы параллель-могулда 3-орынға тұрақтады. Анастасия кіші финалда кеше жекелей сында топ жарған америкалық Тесс Джонсоннан озып кетті.

Ал суперфиналда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері Джелин Кауф пен Рино Янагимото (Жапония) сынға түсіп, америкалық жеңіске жетті.

Тағы бір отандасымыз, Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева ширек финалға дейін жетіп, Анастасия Городкоға есе жіберді.

Ал ерлер арасында танымал канадалық спортшы, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы, бірнеше дүркін әлем чемпионы Микаэль Кингсбери жеңімпаз атанды. Жапониялық Икума Хоришима күміс, Мэтт Грахам (Аустралия) қола медаль жеңіп алды.

Енді Әлем Кубогы фристайл-акробатика жарысымен жалғасады.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі