«Анатолий Букреев. Шыңға шығу» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы альпинизм федерациясының қолдауымен, «Серпінді даму альянсы» ЧҚБ және Оңтүстік Орал мемлекеттік тарихи музейімен бірлесе отырып, «Анатолий Букреев: Шыңға өрлеу» бірегей фотокөрмесін ашты. Бұл көрме – «Екі шың, бір аңыз: Абай шыңына альпиниаданың 30 жылдығы және Эльбрус шыңындағы рекордтың 35 жылдығына» және аты аңызға айналған альпинист Анатолий Букреевке арналады. Ол – Эльбрус шыңын 1 сағат 47 минутта бағындырған (1990 ж.) және Қазақстанның Тұңғыш Президентін Абай шыңына алып шыққан (1995 ж.) тарихтағы жалғыз альпинист.

«Анатолий Букреев. Шыңға шығу» көрмесінде қазақстандықтар назарына Анатолий Букреевтің жеке мұрағатынан алынған 100-ге жуық сирек фотосурет, құжаттар, марапаттар мен жеке күнделіктер ұсынылды. Бұл материалдар оның спортшы, альпинизм шебері ретінде қалыптасуын, отбасын, оқу жылдарын, халықаралық дәрежедегі спорт шебері ретіндегі мұрасын және жетістіктерін айқын көрсетеді. Ол – Жер шарындағы 14 сегізмыңдық шыңның 11-ін бағындырған тұлға.

Көрмеде сонымен қатар суретші әрі сәулетші Андрей Старковтың Анатолий Букреевке арналған 18 өнер туындысы қойылды. Олардың қатарында «Тьянгбоче монастырінен қарағандағы Эверест көрінісі», «Хан-Тәңірі – Рухтар әміршісі», «Абай шыңы – кешкі тұман ішінде», «Амангелді шыңы» және басқа да картиналар бар.

Көрмені ресми түрде ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Саров Сержан Бараханұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара барысында қазақстандық альпинист, журналист, жазушы және сценарист Галина Муленкова сөз сөйледі. Галина Муленкова альпинизм тақырыбында және Анатолий Букреев туралы бірнеше фильм түсірген. Сонымен қатар, көрменің ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері Андрей Букреев пен суретші, Букреевтің соңғы экспедициясына қатысқан Андрей Старков та сөз алып, альпинисттің қаһармандық жолын баяндады.

Шараға тау туризмі саласының өкілдері, Анатолий Букреевтің үзеңгілестері, достары және оның жарқын бейнесін құрметтейтін азаматтар қатысты. Қонақтардың арасында ҚР альпинизмнен еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Альпинизм федерациясының спорттық жартаста өрмелеу жөніндегі вице-президенті Бағлан Жүніс, кәсіпкер, меценат, Almaty Museum of Arts және «Astana Group» холдингінің негізін қалаушы әрі президенті Нұрлан Смағұлов, Анатолий Букреевтің ескерткішінің авторы, Қазақстанның танымал мүсіншісі Нұрлан Далбаев және басқа да мәртебелі қонақтар болды.