Анжи — Қытайдың бамбук және ерекше көк шәй отаны
Қытайдың шығысындағы Хучжоу қаласында орналасқан Анжи округі өзінің ерекше табиғатымен, мәдениетімен және экологиялық бастамаларымен танымал. Бұл аймақ өзінің кең ормандары мен жаңартылатын ресурсқа деген терең құрметіне байланысты «бамбук елі» деп аталады.
Бұл аймақта бамбук азық-түлік өнімі ретінде ғана емес, сонымен қатар көптеген өнімдерді өндіру үшін қолданылады. Мысалы, жиһаз, тоқыма бұйымдары, ыдыс-аяқ, автомобиль салонының қаптамасы сияқты күнделікті өмірге қажетті дүниелер бар.
*Bamboo Impression* тоқыма компаниясының бас директоры Цао Сяоъя мырзаның айтуы бойынша, сүлгілер, шұлықтар және зығыр маталардың бактерияға қарсы қасиеттері бар және қоршаған ортаға зиянсыз бамбук целлюлозасынан жасалғанын атап көрсетеді. Бұл өнімдер табиғи түрде биоыдырап, бамбукты пластикке тамаша балама етеді.
Бамбук мұражайының қызметкері Сюй Цзюань: «Бамбуктан зергерлік бұйымдардан бастап, себеттер мен сөмкелерге дейін кез келген нәрсені жасауға болады. Біз қағаз кесу (*цзянчжи*) сияқты дәстүрлі әдістерді заманауи тәсілдермен біріктіреміз»
Анжи бамбук мұражайы келушілерді осы ресурсты пайдаланудың дәстүрлері мен жаңалықтарымен таныстырады. Қазір бұл аймақта 1000-ға жуық бамбук өңдейтін кәсіпорын бар, 2023 жылы бұл саланың өнім көлемі 18 миллиард юаньға жетеді. Өнімдер 30-дан астам елге, соның ішінде АҚШ, Жапония, Нидерланды және Францияға экспортталады.
Сондай-ақ, бұл елді мекен қонақтары бамбуктан әр түрлі дүниелерді жасауды үйрене алады. Жергілікті тұрғындар қуана-қуана үйретіп, бамбук ағашының бар қасиетімен таныстырады.
Анжи тек бамбукпен ғана емес, жасыл шәйдің ерекше алуан түрімен де танымал — «Анжи Байча». Атауына қарамастан, бұл жасыл шәй, жас жапырақтардың ашық жасыл, дерлік ақ түсіне байланысты осылай аталды. Бұл шәй аминқышқылдарына бай, жұмсақ дәмге ие және пайдалы болып саналады.
Өңірдегі шәй плантациялары атақты сусын шығарып қана қоймай, туристердің де назарын тартады. Мұнда әрбір жан шәй дайындау әдісін көріп, оның дәмін татып, біле алады.
2003 жылдан бері аймақта «Сәнді ауылдар» жобасы жүзеге асырылып, өнеркәсіп орындары жабылып, экотуризмге көңіл бөлінуде. Юйцунь қалашығы бұл стратегияның мысалы болды, өнеркәсіптік орталықтан жайылымдық ландшафттары бар туристік бағытқа айналды.
Бүгінде ауылға туристер ағыны жылына 500 мың адамнан асып, жергілікті тұрғындардың кірісі айтарлықтай артты.
Экологиялық көзқарас, бай мәдени дәстүр және бірегей табиғат үйлесімі Анжиді тұрақты дамудың үлгісі етеді. Бұл аймақ Қытайға ғана емес, бүкіл әлемге шабыт беріп, экономика мен экологияның қатар жүретінін дәлелдейді.
Ғазиза Ұзақ
Анжи елдімекені