Әр әйел білімді болуға да лайықты!

Қазіргі таңда ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салалары әлемдік экономиканың тірегі саналады. Алайда бұл салаларда әйелдер, әсіресе қыз балалардың үлесі әлі де төмен. Осы орайда, жыл сайын мамыр айында атап өтілетін Ана күні – қыз балалардың білім алуына, соның ішінде STEM бағытында білім алуына қолдау көрсетудің маңыздылығын ерекше атап өтуге таптырмас мүмкіндік. Ана – тек өмір сыйлаушы ғана емес, сонымен бірге бала тәрбиесінде бағыт беруші, болашақтың іргетасын қалаушы тұлға. Демек, аналардың қыздарын ғылым мен техникаға баулуы – ұлттың болашағына салынған инвестиция.

Қыз балалар мен STEM үйлесе ме? Көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстан мен Орталық Азияда STEM салаларында оқитын қыздардың саны ұлдарға қарағанда аз. Бұл жағдайды қалыптастырған бірнеше фактор бар: әлеуметтік стереотиптер, кәсіби бағдар берудің жетіспеушілігі, әйелдердің бұл салада үлгі бола алатын тұлғаларының аздығы. Соның салдарынан көптеген қыздар ғылым немесе технология саласына деген қызығушылығын ерте жастан жоғалтады немесе батыл шешім қабылдай алмайды.

Осыдан болар, қыздардың STEM саласына араласуына кедергі келтіретін факторлар көп. Ең алдымен, бұл – қоғамдағы гендерлік стереотиптер. “Қыздарға арналған мамандықтар” мен “ұлдарға арналған пәндер” деген көзқарастар әлі де кейбір мектептер мен отбасыларда кездеседі. Қыздар математика мен физика сияқты пәндерге ер балалардан кем қызығады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бұл балалардың өзін-өзі бағалауына, мамандық таңдауына әсер етеді. Мен мұны физмат мектебінің түлегі ретінде жақсы білемін. Техникалық мамандықтарға көңілі ауған қыз баланы қоғам басқа салаға бару керектігін айтып, ниетінен адастырып жатады. Себебі, “Қыздарға әсемдік жарасады” деген ата-баба сөзін алға тартып, оны гуманитарлық салаға итермелейді. Қыз бала мұғалім, ұстаз, дәрігер, қолөнер шебері сияқты мамандықтардан арыс аспайды. Ал оның білім ғалым, ұшқыш, IT маманы болғысы келетінін аса елемейді. Бұл бірнеше жылдар бұрын дұрыс болған да шығар, алайда қазіргі жаһандық заманда қыздарға арналған мүмкіндіктер зор. Оның ұтымды пайдаланған жөн.

Қыздың алғашқы ұстазы Ана – баланың алғашқы тәрбиешісі әрі ұстазы. Егер ана қызының қабілетін ерте танып, оны қолдап, дұрыс бағыт берсе, болашақ ғалымдар мен инженер қыздардың саны арта түседі. Анадан алған қолдау – өз-өзіне сенімділік пен табысқа жетудің алғашқы баспалдағы. Ана күні қарсаңында қыздардың дамуына әсер ететін аналар рөлін бағалап, оларды STEM салаларына қызығушылықты арттыру жолында серіктес ретінде тану маңызды.

Қазақ тарихындағы аналардың өнегесі ұлттың тағдырына әсер еткен қайсар әйел-аналар аз болмаған. Мәселен, сақ патшайымы Томирис – елінің тәуелсіздігін қорғаған батыр әйелдің символы. Оның санасы дәлдік ғылымдарға жақын болмаса, батыл қадам жасай алатын ба еді? Ұлы Отан соғысы жылдарында аспандағы шайқастарда ерлік көрсеткен Хиуаз Досанова техникаға жақындығының арқасында тарихта есімі алтын әріппен жазылар ма еді? Медицина саласын дамытуға үлес қосқан академик Мәриям Асфендиярова білімге құштар болмаса, ғылымдағы әйелдердің көшбасшысы болар ма еді? Асылында халқымызды тарихында ойып тұрып орын алған әйелдер жетерлік. Әрқайсысын айта беруге күш те, уақыт да жетеді. Олардың әр қадамы өнеге. Осындай аналардың ерлігі мен даналығы кез келген нәзік жандыға шабыт береді. Олар – қыздарының таңдауына шек қоймай, болашақ инженер, ғалым, технолог болуына жол ашатын тірек. Ана күні – осындай тарихи тұлғаларды еске алып, олардың ерлігі мен еңбегін STEM саласындағы қазіргі қыздарға үлгі етуге арналған мүмкіндік.

Қолдау бағдарламалары мен халықаралық тәжірибе Еуропалық Одақ, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО секілді халықаралық ұйымдар қыз балаларды STEM саласына тартуға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мысалы, “Girls in ICT Day” сынды жаһандық бастамалар әр көктемде атап өтіледі. Бұл күні қыздарға арналған шеберлік сабақтар, мотивациялық кездесулер ұйымдастырылады.

Қазақстанда да соңғы жылдары STEM бағытында білім беруді дамытуға мән беріліп келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде, халықаралық мектептерде робототехника, бағдарламалау, биотехнология пәндері жүйелі түрде оқытылады. Сонымен қатар, IT мектептер мен жазғы лагерьлер арқылы қыз балалардың бұл салаға қызығушылығы оянып келеді.

Жаңа буын аналар – жаңа мүмкіндіктер көзі Қазіргі жас аналар – технологиялық сауатты, әлеуметтік желілер арқылы ақпаратқа оңай қол жеткізетін буын. Олар қызына ғылымды сүйе білуге, инженер болуға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік береді. Ана күні – дәл осындай аналарды тану, қолдау және шабыттандыру үшін ең қолайлы мезет.

Қазақ қыздары – табыстың символы Бүгінде Қазақстанда STEM саласында жетістікке жетіп жүрген әйелдер аз емес. Әрқайсысы бұл заманның қаһарманы десек, артық айтқанымыз емес. Мысалы, QazVac вакцинасын әзірлеушілердің бірі, танымал ғалым Күнсұлу Закария. Биология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстанның ғылыми саладағы ең ықпалды әйелдерінің бірі ретінде танылған. Ал күні кеше көк байрағымызды халықаралық спорт жарыстарында желбіретіп, жүзімізге күлкі мен қуаныш сыйлаған Назым Қызайбай – қазақ боксының мақтанышы емес пе?! Жалғыз спортқа икемі ғана емес, оның стратегиялық ойы мен білімінің арқасында ол әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері болды. Ал Дидар Құл-Мұхаммед Гарвард, Оксфорд және Кембридж университеттерін тәмамдаған әлемдегі алғашқы және жалғыз қазақ қызы атанды.

Аты аталған абзал жандардың табысты жолы көптеген қыздарға үлгі бола алады. Осындай мысалдарды кеңінен тарату – қыз балалардың өз болашағына сеніммен қарауына ықпал етеді.

Білім мен ғылымға жетелейтін бастамалар аясында мектептерде, университеттерде қыздарға арналған STEM фестивальдері, мотивациялық кездесулер мен аналарға арналған семинарлар ұйымдастыру – қоғамдағы сананы жаңартудың тиімді жолы. “Қызыңды қолда – болашаққа жол аш” секілді ұрандар арқылы аналарға қыздарының мүмкіндігін шектемеу, керісінше қолдау көрсету идеясы кең тарала алады.

Ана күні – мейірім мен қамқорлықтың, әйел затының қоғамдағы рөлін танудың күні. Осы күнді STEM саласындағы қыз балаларға қолдау көрсету тақырыбымен ұштастыру – болашаққа салынған сенімді қадам. Әр ана – өзінің қызын ғылымға баулуға қабілетті тұлға. Сондықтан да STEM және Ана күні идеясы – теңдік, даму және болашақ ұрпаққа үміт сыйлайтын күшті байланыс. Қыздарға жасалған қолдау – мемлекеттің дамуына жасалған инвестиция. Ендеше, әр қыз – болашақ инженер, ғалым, технолог бола алатынына сенейік!

Әр әйел бақытты ғана емес, білімді болуға да лайықты!

Ғазиза Ұзақ