Ар-Рияд-2023 Қазақстан үшін ең табысты Жауынгерлік өнер ойындарына айналды
Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Он бір күннің ішінде 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет 954 медальді өзара сарапқа салды. Оның 259-ы алтын, 259-ы күміс болса, қалған 436-сы қола.
Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 3-орыннан көрінді. Көш басында Украина (21 алтын, 17 күміс, 15 қола), одан кейін соңғы жарыс күні екінші орынға көтерілген Сауд Арабиясы (12 алтын, 20 күміс, 19 қола) тұр. Осы тұста спортшы жіберген 120-дан астам елдің 87-сіне жүлде бұйырғанын айта кетейік.
Қазақстан делегациясы үшін Ар-Риядтағы кешенді жарыстың әр күні тарихи нәтижемен есте қалып отырды. Мәселен, ойындар бағдарламасына алғаш рет қосылған қазақ күресі мен армрестлингтен Ұлттық құрама спортшылары табысты өнер көрсетіп, командалық есепте 1-орын алды. Самбо мен грэпплингтен қоржынға World Combat Games-тің алғашқы алтыны түссе, каратэшілер бірінші рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпы ел намысын 10 спорт түрінен келген 53 спортшы қорғады.
«Бұл ойындарға кейбір спорттан негізгі құрамды алып келмесек те, барынша сапалы құрам жасақтауға тырыстық. Біз үшін ұлттық спортымыз қазақ күресінің ойындар бағдарламасына алғаш рет кіргені қуантарлық жайт. Палуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Дәл осылай армрестлингке қатысты айтуға болады. Ұлттық құрама алға қойылған жоспарды орындады. Осы жерде қандай кемшіліктер барын да көрдік. Енді соларды талдап, бапкерлермен бірге осы бағытта жұмысты қолға аламыз»,-деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бас маманы Келбет Нургазина.
Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан жауынгерлік өнер ойындарының жалпы рейтингінде 37-ден үздік ондыққа кірді. Осыған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургті қосқанда қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 5 қола түскен.
«Ойындар кезінде 16 спорттың ішіндегі айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, муайтай, самбо мен саватеден (француз боксы) пара-атлеттер арасында арнайы жарыс өтті. Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне бәсекелерді ресми сайттан тікелей эфирде көрсеттік. Хабар таратушылардың арқасында 100-ден астам мемлекеттің аумағына сигнал тараттық»,-деді «Спорт Аккорд», яғни ойындар президенті Иво Ферриани.
Келесі ойын 2025 жылы өтпек. Қабылдайтын мемлекеттің аты келесі жылдың басында жарияланады.