Армениядан Голландияға дейін

«Астана Опера» солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков күзді бірқатар беделді сахнадағы шетелдік өнер көрсетулермен қорытындылап, қысты да осындай шығармашылық сапарлармен бастайды. Әртіс 30 қарашада Ереванда «Гаяне» балетінде басты партияны орындайды, одан кейін шақырылған жұлдыз ретінде Голландия бойынша гастрольдік турға аттанады.

 «Гаяне» – Арменияның композиторлық символы, оны ұлы Арам Хачатурян жасап шығарған. Бұл балеттің музыкасы лейтмотивтерді қолдана отырып, ауқымды симфониялық дамуымен, жарқын ұлттық нақышымен, темпераментімен әрі мәнерлілігімен ерекшеленеді. Ол өзіне төл армян әуендерін үйлесімді біріктіреді. Серік Нақыспеков үшін Арменнің басты партиясын орындауға шақыру алу оның кәсіби деңгейінің мойындалуы болды.

– Бұл – Арменияның ұлттық балеті, сондықтан мен үшін осынау өнер көрсету тебіреністі сәт болмақ. Дұрыс энергетиканы, қимылдардың дәлдігін, эмоцияны жеткізгім келеді, – деп пікірімен бөлісті әртіс. – Мен әр жылдардағы спектакльдердің жазбаларын мұқият зерттедім. Театрымыздың сахнасында осы балеттен әйгілі «Қылыштармен би» орындалатындықтан, музыканың сипатын білетінмін, алайда партия техникалық элементтерге осыншама толы деп ойламаппын, – дейді Серік Нақыспеков.

Арменнің партиясы орындаушыдан үнемі сахнада болуды талап етеді, үш акт әртіс үшін үзіліссіз өтеді. С.Нақыспеков оны күрделілігі жағынан Спартакпен салыстырады. Әлбетте, бұл кездейсоқтық емес: драматизм, қуатты хореография, трюкті элементтер, күрделі ерлер биі, эмоциялық дуэттер – кез келген солист үшін сынақ.

Серікті Ереванда бұрыннан таниды: әртіс ол жақта «Спартак» балетінде өнер көрсеткен. Алайда енді оны жаңа қойылым, жаңа серіктестер, жаңа жұмыс қарқыны күтеді және ол бұл өзгешелікті алғашқы дайындықтардан-ақ сезінуде.

– «Астана Операда» спектакльдерге дайындық бастан-аяқ жүреді: оркестрмен бірге дайындалып, детальдермен егжей-тегжейлі жұмыс істейміз. Ереванда барлығы оңтайлы – дайындықтар аз, классикалық би сабағы спектакльге бір сағат қалғанда қойылады, ал гримге жарты сағат уақыт беріледі. Жұмыс істеу ырғағы мүлде басқаша болғандықтан, тез арада қайта бейімделе алуың керек.

Серікті Армениядан кейін бірден келесі ауқымды жоба – Голландияға гастрольдік тур күтеді. Ол желтоқсанда және қаңтарда Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Аққу көлі» балеттерінде басты партияларды орындайды, сондай-ақ екі гала-балетке қатысады. Барлығы шамамен 20 спектакльде өнер көрсетеді.

Бұл «Астана Опера» солисінің еуропалық балет компаниясымен осымен үшінші әріптестігі. Өткен маусымда гастроль Нидерландымен қатар Бельгияны да қамтыған еді.

Шақырылған жұлдыз мәртебесі – әртістің халықаралық деңгейінің бейресми мойындалуы. Еуропа сахналарында жұмыс істей отырып, Серік Нақыспеков мықты, жалынды, техникасы мол қазақстандық балет мектебін таныстырады.

– Ереван мен Голландия – сан алуан мәдениеттер, түрлі көрермендер, өзгеше жұмыс ырғағы. Бірақ осыларды жауапкершілік біріктіреді. Сахнаға әрбір шығуым – мен үшін жеке жетістік әрі қазақстандық өнердің шетелдегі беделіне қосқан үлесім. Сапа мен кәсібиліктің артында мінез, тәртіп және өзіңді ұдайы жеңе білу қабілеті тұруы керек деп ойлаймын, – деп қорытындылады солист.

Серік Нақыспеков рөлді техникалық жағынан да, эмоциялық тұрғыда да толығымен бастан кешіру маңызды деп санайтын әртістердің қатарынан. Осы қыста оның бірнеше рөлді сомдауға мүмкіндігі болады.