Арт-реставрация немесе аспапты қалай сақтап қалуға болады

«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің музыканттары өздерінің шеберліктерімен залда көптеген тыңдаушыларды шабыттандырып келеді. Десе де олардың аспаптары дұрыс үн шығаруы үшін оларға мұқият күтім қажет. Ал дыбыс әсемдігін сақтауға өз ісінің нағыз кәсіпқой мамандары – реставраторлар көмектеседі.

Симфониялық оркестрде аспаптар көп, алайда ең күрделісі, бәлкім, скрипкаларды қалпына келтіру болар. Бұл дыбысты ғана емес, аспаптың жанын қайта жаңғырту өнері. Тәжірибелі шеберлер көне скрипкаларға екінші өмір сыйлап, олардың бірегей сипаттамасы мен тембрін сақтайды. «Астана Операда» ішекті аспаптарды оркестр концертмейстері, театрдың бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов жөндейді.

2012 жылы қолына бағалы аспап – Гварнери скрипкасы түскендіктен, музыкант реставрацияны үйрене бастаған. Бұл аспап театрға пайдалануға берілген болатын, алайда 17-ғасырға тиесілі сирек аспап жарылып, желімінен ашылып жатқан еді. Бұл көне аспап үшін қалыпты жайт. Жағдайды түзету үшін Бағдат Мәскеуге танымал реставратор әрі өзінің досы Василий Вяткинге жол тартты. Алғашқы сабақтарды берген сол кісінің өзі болатын. Ол Бағдатқа қылды ауыстыруды үйретіп, реставрацияның қыр-сыры туралы айтып берді. В.Вяткиннің өзі Мәскеудегі Мемлекеттік коллекцияның қараушысы әрі реставраторы болып табылады. Гварнери, Страдивари тәрізді мемлекеттің игілігі саналанатын көптеген сирек аспаптарға шебердің қолы тиген. Бағдат әріптесінің тәжірибесін тез үйреніп алды, өйткені оның барлығын өз қолымен жасайтын әдеті бала кезінен бар. Аспаптарды реставрациялау скрипкашы үшін қарқынды жұмыстан кейін тынығу тәсіліне айналды.

«Ішекті аспаптардың ең көп таралған «дерті» не?» деген сұраққа Бағдат Әбілханов: «Тиісті шебердің қолына түспеуі» деп әрдайым біркелкі жауап береді. «Реставрация жасауды мүлде білмесе де, осы істі қолға алатын жандар бар. Ол үшін көп үйреніп, кітап оқып, біліміңді толықтыру керек қой. Мысалы мен шеберлік сабақтарына көп барамын, ол жерде осынау күрделі ғылымды танып білемін: Вяткиннің жаттығу сабақтарында 4 рет болдым. Бұдан бөлек, театр дирекциясының арқасында италиялықтардан ұзақ мерзімдік оқытудан өттім. Курс теория жағынан мазмұнды болды, біз аспаптың сыни талдауын зерттедік. Театр маған бірнеше рет қолдау көрсетті, мен бір ай бойы Кремона қаласында курстан өттім. Жылдағы әдетім бойынша биыл да өз білімімді жетілдіруге барамын. Англия, Германияда білім алу жоспарда бар», — деп түсіндірді оркестр концертмейстері.

Өз білімімен бөліскен Бағдат Әбілханов аспаптардың үйеңкіден дайындалатынын, жоғары беті шыршадан, ал гриф қатты діңді ағаштан жасалатынын айтты. Уақыт өте келе кез келген аспап тозады, сондықтан шеберге қаратуды қажет етеді. Тіпті сырт көзге болмашы нәрседей көрінетін желім секілді бөлшектің өзі реставрацияда маңызды рөл атқарады. Бағдат Әбілханов әрдайым қымбат тұратын балық желімін таңдайды.

«Себебі аспаптарды онымен желімдеген кезде, желім шыны тәріздес денеге айналады, ал бұл дыбысты ерекше жеткізеді. Мұндай желім ағашты 100 жыл ұстап тұрады, ал егер оны ашқың келсе, жай ғана қажет жерлерді суласа жеткілікті, осылай желімді оңай алып тастауға болады. Егер де көптеген шеберлер секілді аспапты ПВА желімімен желімдесе, ол пластмассаға айналады, ал пластмасса дыбысты өзіне тартып алады, осылайша аспап дыбыс шығармайтын құр ағаштың бөлігіне айналады. Балық желімі өте қымбат тұрады, оны бекіре балығының қабыршығынан алады, сондай-ақ қазір оны шеміршектен, сүйектен де өндіреді, бірақ бастапқыда тек қабыршықтан алатын болған. Балықтан алынған материалды тұздықта (матаға оралған тұзда) сақтайды, содан кейін ол кепкен бойда қайтадан сулап, одан желім алады. Бұл өте күрделі, көп еңбекті қажет ететін жұмыс. Бірақ онымен желімдеу – нағыз ғанибет», — дейді Бағдат Әбілханов.

Реставрациядағы негізгі ереже – сол аспапты жасап шығарған шеберге еліктеу шығар, оған 300 жыл немесе 400 жыл болса да, оның жұмысын жалғастыру керек және ешкім ештеңені байқамайтындай етіп жасау қажет, реставрациядағы ең жоғары пилотаж осы.

«Келешекте мен өзіміздің ұлттық аспаптармен де айналысқым келеді, оның ішінде қобызбен және қыл қобызбен, өйткені біздегі бұл аспаптардың жағдайы керемет деп айта алмаймыз. Әрине, шеберлер бар ғой, бірақ қобыз бен қыл қобызды реставрациядан өткізу үшін ең әуелі скрипкадан хабарың болуы қажет, алайда көптеген адамдар бұл аспаптарды өз қалауы бойынша қалпына келтіреді», — деп қорытындылады Бағдат Әбілханов.

Ірі контрабасқа қарағанда, скрипка – шағын аспап, десе де бұл екеуі де ысқымен ойналатын ішекті аспаптар, олар күтім жағынан өзіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

«Астана Опера» театрында контрабастарды қайта қалпына келтірумен симфониялық оркестр музыканты, контрабасшы Ермек Сәрсембаев айналысады. Ол аспапқа әрдайым байқап күтім жасап, оларды уақытында жөндеп отыру керектігіне сенімді.

Оның аспаптарды қалпына келтіруге байланысты алғашқы тәжірибесі сонау мектеп жасында болған.

«Бірде, арнайы музыкалық мектеп-интернаттың алтыншы сыныбында оқып жүргенімде емтихан тапсыруға бара жаттым. Менің бойым кішкентай болғандықтан және мен тіреуіштің көмегімен ойнағандықтан, контрабасты ұстазым көтеріп келе жатты. Белгілі бір нөмірді орындау үшін сахнаға шықпас бұрын мен контрабасты залға алып кіруге тиіс едім. Емтихан болатын күні сахнаға көтеріліп бара жатқанымда мен абайсызда аспаптың басын сатыға іліп алдым, сөйтіп оның мойны грифімен бірге жұлынып қалды. Аспаптың желімі ашылып кетті, сол кезде қатты ренжіп тұрғанымда ұстазым маған: «Аспапты сындырған екенсің, енді оны өзің жөнде» деп бірден кесіп айтты. Мен «бала өз бетімен аспапты қалай қалпына келтіреді?» деп қатты ашуландым. Бірақ ұстазым маған үйретуге уәде берді. Осылайша, оның жіті қадағалауымен мен аспапты бөлшектедім: бөлшектің, түйіндердің ешқандай геометриялық өлшемдерін, контрабастағы жалғауларды бұзбай, контрабастың мойны мен грифін шешіп алып, желімнен тазарттым, одан кейін тегістеп, бәрін ұқыпты жасап шықтым. Арнайы құрылғыда желім қайнаттық, мұны да маған ұстазым үйретті. Одан кейін желімді жағып, аспапты қысқышпен және резеңкелермен қысып қойдық және кебу үшін қалдырдық. Келесі күні келгенімде онымен ойнап көріп едім, маған ол бұрынғыдан да жақсы дыбыс шығарғандай көрінді. Аспапты қалпына келтіру жұмысы маған қатты ұнады. Содан бері аспаптарда қандай да бір сынықтар бола қалса, оларды ұстазымның жіті бақылауымен жөндеп отырдым. Және де бұл іспен әлі күнге дейін айналысамын», — деп атап өтті Ермек Сәрсембаев.

Контрабасшы тіпті жаңа аспаптардың да өз ерекшелігі болатынын атап өтті. Мәселен, музыканттарға температураның күрт өзгеруінен сақтану керек: аспапты алдын ала орап алмай, аязды күні сыртқа шығармау қажет, содан кейін ол түгел жабылмаған болса, оны жылы жерге алып кірмеу керек. Ол температураның өзгеруіне шыдас бере бермейтін ағаштан жасалғандықтан оны ұқыпты сақтау керек. Мына бір жайтты да ескерген жөн, температура өзгергеннен кейін аспапта бірден ойнауға болмайды, оған бөлме температурасына бейімделуге мүмкіндік беру керек. Оған дұрыс күтім жасамаса және дұрыс сақтамаса, мұның салдары жаман болуы мүмкін: аспаптың белгілі бір жерлері сынып кетуі ықтимал, әдетте, ол тиек орнатылған сызықтың бойымен жоғары бетінде болады.

«Жарықтар пайда болғаннан кейін аспапты түгел ашып қарауға, күйіне келтіріп, желімдеуге тура келеді, және де мұны оның дыбыс шығаруына кері әсер етпейтіндей етіп жасау қажет. Аспапты бұзып, оны қайта жинаған кезде міндетті түрде оның дыбысын бүлдіріп алмау керек, бұл жұмыс сонысымен қызықты. Егер шебер болмашы жарықты бітемесе, контрабас құлаққа жағымсыз дыбыс шығаруы мүмкін, содан кейін ол орындауға, дыбыс сапасына әсер етеді. Бұл дәрігерлердің қызметі тәрізді қажырлы еңбекті талап ететін жұмыс. Адамдар бізге мәселелерімен келеді, ал біз шебер ретінде аспаптардың сырт қалпы мен жақсы дыбыстауын сақтай отырып, оны қалай емдеуді білуге тиіспіз. Мен үшін реставрация медитация жасаумен тең: дұрыс көңіл күйге еніп, симфониялық музыканы қосып қойып, пайдалы әрі қажетті іспен айналысамын», — деп атап өтті Ермек Сәрсембаев.

Нәзік әрі таза дыбысты гобойды да қалпына келтіру кезінде байқау керек. Әдетте, процесс зақымдалған бөліктерді ауыстыруды, жылтырату мен дыбысты тексеруді қамтиды. «Астана Опера» Симфониялық оркестрінде үрлемелі аспаптарды қайта қалпына келтірумен гобойшы Рахматали Бекбабаев айналысады.

«Гобой – ұзақ жылдық қызықты тарихы, құлаққа жағымды нәзік үні бар керемет аспап. Бұл аспаптың оркестрде өзіне лайықты басты әрі маңызды орны бар, онсыз Бах, Гайдн, Моцарт, Шуман сынды ұлы классиктердің көптеген туындыларын таныстыру қиын болар еді. Сонымен бірге гобой – «қыңыр» аспап, ескі үлгілерінің тығыны жиі құрғайды, ол тарылып, дұрыс күйге келтірілмегендіктен клапандардың біреуі көтерілмейді, сәйкесінше аспапта ойнау мүмкін болмайды, осының барлығы негізінен Қазақстандағы құрғақ климатпен байланысты. Мұндай ақауларды болдырмас үшін гобойды бірқалыпты температурада сақтап, жиі майлап отыру қажет, сол кезде ол әркез дымқыл болады және ұзақ қызмет етеді. Гобойдың жаңа үлгілері пластикпен біріктірілген палисандрдан жасалған, олар климаттық жағдайларға сәйкес келеді және оларда мұндай ақаулар болмайды. Бірақ та гобой үшін ең қауіптісі – бұл жарық, егер ол пайда болса, ұзақ жөндеу жүргізбей гобойда ойнай алмайсың. Жарықтардың пайда болуы аспапты күнделікті күтіп ұстауыңа тікелей байланысты екенін естен шығармау керек», — деді Рахматали Бекбабаев.

Күн сайын музыкант гобойларға диагностика жасап, механиканы тазалаумен, саңылауларды және механиканың тарсылын жоюмен айналысады, сондай-ақ тығындағы қосымша бөлшектерді ауыстырып, дауыс тесігін тазалайды, аспаптың корпусын майлап, барлық жастықшаларды, сонымен қатар тығынмен және фетрмен байланысқан барлық бөлшектерді түгелдей ауыстырады және серіппелерді жартылай жаңартады.

Шебер барлықтарына қайта-қайта профилактикадан өтіп тұруға кеңес береді.

«Мен оқып жүрген кезде бәрімізде ескі аспаптар болатын, бізге оларды үнемі жөндеуге тура келетін. Бірақ бұрындары қажетті бөлшектер болмайтын, ал қазір бұл жағынан оңайырақ, кез келгенін Франция немесе Италиядан болсын, тура өндірушінің зауытынан тапсырыспен алуға болады. Біз өзіміз де жастықшаларды шараптың тығынынан жасаған болатынбыз: кесіп, сосын егеуқұм қағазбен керек өлшемге келтіріп алатынбыз. Бүгінде маған аспаптарының кем-кетіктерін көрсетіп түрлі музыканттар келеді. Жуырда Америкада оқыған жас жігіт келді, оның 70-80 жылдары аса танымал болған Лаубин фирмасына тиесілі қымбат гобойы бар екен. Аспабы өте сапалы, мен оның бірнеше жастықшасын, тығынын ауыстырып едім, ол жап-жаңа болып шыға келді. Қазір гобой әлемінде үлкен серпіліс бар: әртүрлі өндірушілердің аспаптарын шертіп жүріп таңдауға болады», — деп атап өтті Рахматали Бекбабаев.

Аспаптарды реставрациялау – бұл жай ғана жөндеу жұмысы ғана емес, сондай-ақ ол дәстүрлерді жеткізетін және көне қазыналарға жаңа өмір сыйлайтын өнер, бұл өткен мен болашақтың өрілуі. Аспаптардың керемет үн шығарып, сырт қалпы жақсы болуы үшін көне тәсілдер мен заманауи технологияларды қолданады. Әрбір жаңартылған аспаптан музыка ғана емес, уақыт үндестігі естіледі.