Зәру Жазықбаева Хибла Герзмава байқауының дипломанты атанды

«Астана Опера» театры опера труппасының концертмейстері Зәру Жазықбаева 15-24 қаңтар аралығында К.Станиславский мен В.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық Музыкалық театрының сахнасында өткен Хибла Герзмаваның халықаралық вокалистер мен концертмейстерлері беделді байқауында дипломант атанды.
Қазақстанды таныстырған Зәру Жазықбаевадан бөлек, іріктеу турынан өткен 25 адамның ішінен концертмейстерлер байқауында Ресей мен Қытайдан 8 орындаушы финалист атанды.
— Солистермен бірге жұмыс істеуден және концертмейстер ретінде әртістермен бірге көптеген вокалдық байқауларда өнер көрсетуден бөлек, мен өзім концертмейстерлер байқауына әрдайым қатысуға тырысамын, сондықтан Хибла Герзмаваның байқауында өз күшімді байқап көргеніме қуаныштымын, — деді Зәру Жазықбаева. – Өзімді концертмейстер ретінде жан жақты жүзеге асыру, театр репертуарының айналасында ғана шектеліп қалмау мен үшін маңызды. Бұл кәсіби өсуге, жаңа білім жинақтауға мүмкіндік береді. Кейін осы алған тәжірибемді театрда вокалистермен жұмыс кезінде қолдана аламын. Байқауларға қатысу театр концертмейстері мамандығына деген өзгелердің көзқарасын, шығармашылықтың жаңа қырларын зерттеуге, әріптестермен тәжірибе алмасуға, өз қабілетіңді және шеберлік деңгейіңді көрсетуге жағдай жасайды.
Айта кетейік, байқау шарттары бойынша алдын ала тыңдауға 2023-2024 жылдар ішінде операдағы көріністің вокалистсіз орындалған, сондай-ақ вокалистпен бірге операдағы арияны сүйемелдеген, дыбысы редакцияланбаған бейнежазбаны жіберу қажет болды. Көзбе-көз өткен бірінші тур бағдарламасына В.А.Моцарт немесе И.С.Бах арияларын орындау, әндер топтамасынан туынды немесе XIX-ХХ ғасырлардағы композитордың романсы және XX-XXI ғасырлардағы композитордың операсынан ария енді.
Екінші турда Зәру Жазықбаева мен басқа да пианистер вокалистпен бірге ноталарды оқу, ұйымдастырушылар ұсынған тізімдегі операдан көріністі аспаптық орындау қабілеттерін паш етті және ұсынылған тізімге сәйкес вокалистпен бірге ария немесе романс бойынша он бес минуттық жұмысты көрсетті. Қатысушыларға мәскеулік театрдың опера труппасы солистерінің біреуімен жұмыс істеу мүмкіндігі берілді. Үшінші турдың бағдарламасы операдан арияларды, сондай-ақ романстарды немесе байқау қатысушысының таңдауы бойынша әндер топтамасынан туындыны қамтыды. Бұл ретте үшінші турдағы туындылардың біреуі XIX-XXI ғасырлардағы орыс композиторы жазған шығарма болуы тиіс еді.
Беделді халықаралық байқаудың қазылар алқасына байқау жетекшісі Хибла Герзмава төрайымдық етті. Байқаудың барлық кезеңі ашық форматта өткізілгенін, оны тамашалауға ниет білдіргендер алдын ала тіркеу бойынша тыңдауларға келгенін және орындауларды тікелей көрсетілім арқылы ести алғанын атап өтуіміз керек. Театр залындағы көрермендер, сондай-ақ шараға келе алмай, байқауды онлайн-көрсетілім арқылы тамашалағандар әлеуметтік желідегі парақшаларда өз әсерлерімен көптеп бөлісіп жатты. «Зәру жарады!», деп тамсанды Новосібірден Ирина Серегина.
Мәскеудегі Р.Глиэр атындағы Балалар музыка мектебінің концертмейстері Светлана Ковальчук те елордалық театр концертмейстері мықты қарсылас екенін атап өтті: «Қазақстандық Зәру Жазықбаева өте үйлесімді және екпінді ойнайды! Соның арқасында вокалистке де ән айту жеңіл болды. Олардың өнер көрсетуі жүрекке жетті!» Мариинский театрының Жас опера әншілері академиясының концертмейстері Василий Попов та әріптесімен келісті. «Фортепианода керемет орындау болды! Бұл концерттік тәжірибедегі ең күрделі эпизодтардың бірі», — деді музыкант қазақстандық пианистің орындауындағы Т.Хренниковтің «В бурю» операсынан Наташаның ариясына қатысты пікірін білдірді.