Аса қауіпті аурулар бойынша эпизотологиялық ахуал тұрақты
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай бекітілген жоспарға сәйкес облыста жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша профилактикалық және диагностикалық іс-шараларды өткізу туралы баяндады.
2023 жылы облыс бойынша жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакциналардың 8 млн астам дозасын енгізу жоспарланған, жоспар 100% орындалды. Биыл вакциналардың 9 млн аса дозасын енгізу жоспарлануда. Аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотологиялық жағдай тұрақты.
Есепті кезеңде облыста 20 558 бұралқы ит пен мысық ауланды. Оның ішінде Ақтөбе қаласында ауланғаны – 13 495. Ақтөбе қаласында орналасқан «Ника Ақтөбе» уақытша ұстау пунктін 2695 бас ит мекендейді. Барлығы стерильденіп, екпе салынып, бұрынғы мекендеу ортасына шығарылды.
«Әлеуметтік желілерде ірілі-ұсақты иттердің көше кезіп жүргені туралы бейнежазбалар жариялануда. Азаматтарымыз алаңдаулы. Ветеринария басқармасына бұралқы ит пен мысықтарды аулау жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды екенін еске саламын. Екі жыл бұрын Ақтөбеде қайғылы оқиға орын алғанын білесіздер. Егер бұл жағдай тағы да қайталанса, қатаң түрде шаралар қабылданады», — деді Асхат Шахаров.
Ветеринария басқармасы жануарларды қорғайтын ұйымдармен бірге бұралқы ит-мысықтар мәселесін шешуі тиіс.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, кемшіліктерді жою мерзімдерін белгіледі.