Асхат Шахаров Ақтөбе өңірінің ақсақалдарымен кездесті
Асхат Шахаров ақсақалдарды – облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары және өкілдерін қабылдады.
Облыс әкімі отырыс барысында биылғы жылы атқарылған ауқымды істер жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аймақтың қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ақсақалдардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жастарға тәлім-тәрбие беру жұмыстарына белсенді қатысып келеді. «Ауыл аманаты» жобасын тұрғындарға насихаттау мақсатында 12 аудандағы ауылдарды да аралап қайтты.
Асхат Шахаров келер жылы да аға буын өкілдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға үлес қосатынына сенім білдіріп, ақсақалдарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Кездесуге шақырылғандар да ұсыныстарын жеткізіп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Ақтөбе өңірінде 95 мыңнан астам ардагер тұрады. Оның ішінде бір – Ұлы Отан соғысының ардагері, 2890 – тыл ардагері бар.