Асхат Шахаров ұялы байланыс компанияларының жұмысын сынға алды
Ауа райының нашарлауы Ақтөбе өңіріндегі біраз мәселенің басын ашқандай болды. Солардың бірі – республикалық маңызы бар жолдардағы ұялы байланыстың болмауы. Аймақ басшысы Асхат Шахаров бүгінгі отырыста бұл мәселені тағы көтерді.
Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндады. Оның айтуынша, биыл облыста «Ақылды қала» жобасын одан әрі дамыту үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі және Aspiro консалтингтік тобы бірлесіп, «Қаланың цифрлық жетілуі» жобасын іске асырады. Осы орайда алдағы үш айда талдау жұмыстары жүргізіледі. Жоба сәтті жүзеге асырылса, қаладағы көптеген сала цифрландырылады.
«Республикалық автомобиль жолдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, басқарма «Кселл» операторымен бірлесіп, 16-19 қаңтар аралығында 9 аудандағы 17 пунктте іс-шара өткізді. Биыл бұл аудан аумағындағы жолдарды ұялы байланыспен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін бөліп, автоматтандырылған желілер салу керек. Сондай-ақ, электр желілері мен талшықты-оптикалық желілер қосу қажет. Бұл жұмыстардың барлығы көп уақытты және қаржыны талап етеді. Қазір біз бұл жобалар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын аяқтаймыз», — деді Ә.Отарбаев.
Облыс әкімі басқарма басшысына аталған жұмыстарды жеделдетуде байланыс компанияларымен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ жиынға қатысқан «Кселл» компаниясының өкіліне 9 ауданда орнатылған пунктердің ара қашықтығы өте алшақ және байланыс желісі қызметінің сапасы төмен екендігін, жолаушыларға әлі күнге дейін тиісті деңгейде жағдай жасалмай отырғанын айтып, оператордың жұмысын қатаң сынға алды.