Ассамблея – тұрақтылық кепілі

Фотосурет: liter.kz
Қазақстан Республикасының тұтастығы мен әлеуметтік үйлесімділігі елдің табысты дамуының басты шарттарының бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы тұрақтылық пен келісімнің басты символы. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толып отыр, бұл еліміздің көпұлтты қоғамының нығаюына елеулі үлес қосқан маңызды кезеңді білдіреді. Қазақстандағы этносаралық татулық, ұлтаралық ынтымақтастық пен жастар арасындағы достықты нығайту бағытындағы Ассамблеяның рөлі шексіз. Бұл ұйым ұлттық бірлікті қамтамасыз етіп қана қоймай, әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді біріктіруде аса маңызды қызмет атқарып келеді.
ҚХА-ның 30 жылдығы аясында «Бірлік – әралуандығымызда» атты мерейтойлық іс-шара өтті
Қазақстанның барлық аумағында әр түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы елдегі этносаралық үйлесімділікті нығайту мақсатында жүзеге асырылған болатын. Ассамблеяның басты міндеті – халықтың барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, оларды бір-бірімен үйлестіріп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Қазақстанның көпэтносты құрамындағы әрбір ұлт өзінің тілін, мәдениетін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Әсіресе, жастар арасындағы достықтың дамуы аса маңызды. Әр саладағы мекемелік ұжымдар, университеттер мен колледждердегі оқушылар мен студенттер арасында түрлі ұлт өкілдері жұмыс істеп, оқып, бір-бірімен бірге уақыт өткізеді. Қазақстанның барлық аймақтарында мектептерде, жоғары оқу орындарында, кәсіптік білім беретін мекемелерде жастардың этносаралық достығын нығайтуға бағытталған бағдарламалар мен шаралар өткізілуде.
Қазақстандағы көпэтносты қоғамның тұрақтылығы, ең алдымен, жастардың мәдени және әлеуметтік өмірдегі түрлі көзқарастарға ашық болуынан басталады. Мектептерде, университеттерде өткізілетін түрлі мәдени шаралар, фестивальдер мен әлеуметтік жобалар жастардың бір-біріне деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бағдарламалар көпэтносты қоғамдағы бейбітшілікті сақтау және дамыту үшін маңызды рөл атқарады.
Ұлттар арасындағы достық пен мәдениетаралық байланыстың үлгісі еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған. Қазақстан мен басқа да елдер арасындағы мәдениетаралық байланыстарды нығайтуда көптеген тұлғалар мен ұйымдар ерекше рөл атқарды. Бұл тек бүгінгі күнде ғана емес, сонау қиын-қыстау кезеңдерде де көрініс тапты. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға эвакуацияланған басқа ұлт өкілдеріне көмек көрсету арқылы халықтар достығы нығая түсті. Қазақ халқы өз үйін ашып, соғыстан қашып келген халықтарға барын беріп, қиын кезеңдерді бірге бастан өткерді. Мысалы, 1941-1945 жылдар аралығында Қазақстанға 1 миллионнан астам адам эвакуацияланды, олардың арасында орыстар, украиндар, белорустар, поляктар және басқа да ұлттар болды. Қазақтар оларға жылы ұямызды ұсынып, еңбекке қолдау көрсетті. Осы кезеңде қазақтар мен басқа да этностар арасындағы өзара көмек пен түсіністік бұрын-соңды болмаған деңгейде көрініс тапты.
Тағы бір елеулі оқиға – өткен ғасырда Қазақстанда орын алған жаппай саяси репрессиялар мен қуғын-сүргіннің әсерінен көптеген халықтар, соның ішінде немістер, шешендер, ингуштер, қарашайлар мен басқа да ұлттар депортацияланып, Қазақстанға қоныс аударды. Қазақтар осы қиын жағдайда шеттен келген отбасыларға үй беріп, қоныстануға көмектесті. Әсіресе, бұл процесс әйелдер мен балалар үшін ауыр болды. Қазақ әйелдері сол кездегі ауыр жағдайға қарамастан, шетелден келген әйелдер мен балаларды өз үйіне қабылдап, оларды бауыр басып, қорған болып, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Мысалы, 1930 жылдары қазақтардың Алжир лагерінде болған әйелдерге, әсіресе босанған аналарға, үлкен көмек көрсетілгені туралы көптеген әңгімелер бар. Құрт тағамымен оларды тамақтандырып, бірге қайғырды.
Қазақстан халқының кеңпейілділігі мен мәрттігін дәлелдейтін тағы бір мысал – соғыстан кейінгі уақыттағы жетім балаларды асырап алу. Көптеген қазақ отбасылары соғыста ата-анасынан айырылған, шет жақтан келген немесе тағдыр тәлкегіне ұшыраған балаларды өз отбасыларына бауырына басып, оларға адамгершілік және мәдени құндылықтарды үйретті. Қазақ халқының бұл қасиеті – ұлтаралық достық пен келісімді сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Осылайша, Қазақстанда ұлттар арасындағы достық пен мәдениетаралық байланыстар әрдайым өзара құрмет пен түсіністікке негізделген. Әрбір қиындық пен ауыр кезеңде халықтардың бірлігі мен ынтымақтастығы елдің дамуына ықпал етті.
Қазақстанның білім беру жүйесінде де этносаралық үйлесімділік пен достықты дамыту бағытында ауқымды шаралар жүргізілуде. Мектептер мен университеттердегі түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайту үшін әртүрлі мәдени шаралар, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар мен өнер фестивальдері өткізіледі. Бұл шаралар жастардың өзара құрметін және ынтымақтастығын арттырып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Бүгінде Қазақстанның жұмысшы ұжымдарында да көпэтностылық дамып келеді. Көпұлтты ұжымдарда еңбек етіп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері бірлесіп, ортақ мақсатқа жету жолында жұмыс істейді. Мұндай ұжымдарда татулық пен ынтымақтастықтың жоғары деңгейі байқалады, бұл Қазақстанның барлық саласында достық пен бірліктің бар екенін көрсетеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бірлікті сақтау үшін көптеген жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда. «Жастар Ассамблеясы» және «Достық үйі» сияқты ұйымдар жастар арасындағы этносаралық келісімді дамытуға бағытталған көптеген бағдарламалар жүргізеді. Бұл бастамалар жастарды түрлі этникалық топтардың мәдениеті мен дәстүрлерімен таныстыруға, достық пен бірлікті нығайтуға арналған. Сонымен қатар, көпэтносты қоғамда түрлі мәдениеттердің тоғысуы нәтижесінде бірегей ұлттық сәйкестік қалыптасуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы маңызды кезеңді білдіреді. Ассамблеяның рөлі көпэтносты қоғамда бірлік пен келісімді сақтауға, жастар арасында достықты нығайтуға зор ықпал етті. Жастардың мәдениетаралық диалогқа бейім болуы мен өзара құрметі – Қазақстанның болашақ тұрақтылығының кепілі.
Ассамблеяның жұмысы арқылы Қазақстанда өзара түсіністік пен татулықты сақтап, келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін маңызды қадамдар жасалып келеді. Жастардың арасындағы достық пен өзара қолдау – ұлттар арасындағы байланыстардың нығаюына бағытталған басты күш.
Ғазиза Ұзақ