Астана-Бурабай бағытында жаңа жылдық экспресс пойыз жолға шықты
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордадан Бурабайға дейінгі арнайы брендтелген электр пойызы іске қосылды. Бұл – ҚР Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы.
Ерекше пойыздың құрамы жолаушыларға мерекелік атмосфера сыйлау үшін іші де, сырты де жаңа жылға сай безендірілген. Вагон жолсеріктері бір уақыт Аяз Ата мен Ақшақар кейпіне еніп, жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстайды. Мерекелік безендірілген пойыз құрамы жаңа жылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін қатынайды.
«Биыл екінші жыл қатарынан жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірлесіп брендтелген туристік пойызды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыз жолаушыларға мерекелік атмосфераны сыйлап қана қоймай, туристерді де тартуға мүмкіндік береді», — деді ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.
Айта кетейік, былтырғы жаңа жылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.
Мерекелік пойыз құрамы 28 желтоқсаннан бастап аптасына бес рет қатынайды. Елордадан Бурабай курортына пойыз Нұрлы жол вокзалынан таңғы сағат 06:12-де жөнелтіледі. Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс пойыз таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүріп кетеді.
Жаңа жылдық безендірілген пойыз ересектер мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Пойыз шырша ойыншықтарының суреттерімен, гирляндалармен және қар ұшқындарымен безендірілген.Мерекелік пойыз оқушылардың жаңа жылдық демалыстары аяқталған уақытқа дейін жүреді.
Биылғы жылы тағы төрт бағыт бойынша жаңа жылдық пойыздар қатынайды. Олардың ішінде:
— №4/3 «Астана-Нұрлы жол-Алматы»
— №77/78 «Алматы-Маңғыстау»
— №45/46 «Павлодар-Түркістан»
— №38/37 «Маңғыстау-Семей»
Туристік пойызды іске қосу аясында ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС ерекше рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур қалыптастырды. Жаңа жылдық тақырыпты жалғастыру мақсатында Бурабайдағы Санта резиденциясына барып, Бурабайландта таңғажайып күн өткізу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.