«Астана Опера» Ақтөбені тәнті етті

Елордалық «Астана Опера» театры Ақтөбе мен Хромтаудағы гастролін ойдағыдай аяқтады. Опера труппасы мен оркестр 11 сәуірде «Өнер орталығы» концерт залының сахнасында танымал қазақстандық және шетелдік композиторлардың туындыларынан құралған «Астана Опера» жұлдыздары» гала-операсын және кішкентай көрермендерге C.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін ұсынды. Өнер көрсету ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен өтіп, Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы айтулы оқиғаға айналды.

Елордалық әртістердің өнерін тамашалау үшін «Өнер орталығына» 1000-нан астам ақтөбелік жұмысшы мамандық өкілдері мен олардың отбасы мүшелері жиналды. Сахнадағы шамдар жарқырай жанып, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруындағы театрдың симфониялық оркестрі алғашқы ноталарды ойнағанда залда айрықша атмосфера орнады. Көрермендер концерттің басынан аяғына дейін сахнадан бір сәтке де көз алмады.

Атап өтейік, ақтөбеліктер әртістер тобын ыстық ықыласпен қарсы алды. Орындаушылар құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – опера труппасының директоры Талғат Мұсабаев, жетекші солист Айгүл Ниязова, театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов, сондай-ақ флейталар тобының концертмейстері Алексей Косырев, опера солистері – Салтанат Мұратбекова, Назым Сағынтай, Әсем Сембина, Рамзат Балакишиев, Артур Ғабдиев және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан енді.

Гала-опера бағдарламасын М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс сахнасы ашты. Опера солистерінің орындауындағы осынау жарқын әрі мәнерлі нөмір ұлттық туындылар шеруін лайықты бастап берді. Одан кейін көрермендер Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесін, Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін,  М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларынан арияларды тыңдады. Бұл туындылар көпшілікке қазақ опера әлеміне тереңнен бойлауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар осынау кеште тыңдармандар И.С.Бах, Дж.Россини, Дж.Верди, Г.Доницетти, Ж.Массне, Ж.Бизе сынды шетелдік композиторлардың шығармашылығымен де танысуға мүмкіндік алды. «Астана Опера» әртістерінің әрбір өнер көрсетуі «Бәрекелді!» деп тамсанған көрермендердің қошеметіне ұласты. Ал әртістер көпшіліктің сұрауы бойынша биске Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындағанда зал шексіз ризашылық пен ыстық ықыласқа толып, ұзақ уақыт қол шапалақтаумен дүркіреді. Концерттен зор шабыт алған ақтөбеліктер өз әсерлерімен қуана бөлісті.

-Мен мұнда қыздарыма Атырау облысының Құлсары қаласынан қонаққа келген едім. Сөйтіп олар маған тосынсый жасап, «Астана Операның» гастролдік өнер көрсетуіне алып келді. Қандай керемет кездесу десеңізші! Маған бүгін дарынды шығармашылық ұжымның өнерін тамашалау бақыты бұйырды. Концерт көңілімізден шықты, бүгін рухани кештің куәсі болдық. «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларынан арияларды тыңдап, құлақ құрышын қандырдық.  Алыстан келіп, халыққа өнерін ұсынған «Астана Опера»  әртістеріне зор алғысымды білдіремін. Өнерлері үстем болсын, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүре берсін, – деп  77 жастағы қария  Айжарық Кокимов елордалық әртістерге  батасын берді.

-Бүгін мен зор рақатқа бөленіп, көптеген жағымды эмоция алдым. Концерт өте жоғары деңгейде өтті, әртістер әрбір сезімді өн бойларынан өткізді, әрбір өнер көрсету шағын спектакльге ұқсады. Әлемге әйгілі туындылар, оның ішінде маған ұнайтын «Кармен» шырқалды. Әсіресе Талғат Мұсабаевтың орындауындағы Тореадордың ариясы есімде қалды. Маэстро Абзал Мұхитдин үлкен әсер қалдырды, оның жағымды энергетикасы залға беріліп отырды. Аспаптық нөмірлер де ғажап естілді: скрипка мен флейтадағы сололар керемет болды. Әлбетте, әртістердің үстеріндегі тамаша костюмдер мен кештің атмосферасын айтпай кетуге әсте болмас. Мен осы кешті әріптестерім мен достарымның арасында өткізгеніме қуаныштымын, – деп атап өтті концерттен кейін Ботагөз Доскулова.

-Бізді ең қатты таңғалдырған нөмір бала кезден таныс әуен – Эскамильоның шумақтары болды. Оның қуатты әрі жігерлі орындалғаны сонша, тыңдап отырған кезде денеміз тітіркеніп кетті. Дауысы шынымен жүрекке жететіндей қуатты екен. Бізге келіп, осындай жарқын әрі ұмытылмас кеш сыйлағандары үшін елордалық әртістерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Бұл зор қуаныш болды, енді біз «Астана Операның» жанкүйері атандық деп сеніммен айта аламыз. Театрдың өзін міндетті түрде көргіміз келеді, оның көрнекті ұжым екенін білетіндіктен оның өнерін елордадағы туған сахналарында тамашалауды армандаймыз. Классикалық музыка адамның рухын көтеріп, ішкі жан дүниесін байытады, ашылуға және эмоция мен шабытты сезінуге көмектеседі. Симфониялық оркестр өзінің үйлесімділігімен тәнті етті, музыканттар маэстро Абзал Мұхитдиннің ептілікпен басқаруының нәтижесінде біртұтас ағза ретінде жұмыс істеді.

Ақтөбелік сахнада осындай таңғаларлық симбиоз, яғни жергілікті хор мен «Астана Опера» оркестрінің және жарқын солистерінің бірлескен өнер көрсетуі орын алғаны айрықша қуанышты жайт. Шебер вокалдық орындау мен  актерлік ойын – осының барлығы бізге зор әсер етті. Әсіресе Салтанат Мұратбекова есте қалды, себебі оның орындауы жүрек қылын қозғайтындай әсерлі де мәнерлі болды. Репертуар керемет таңдалған екен, көптеген таныс әндерді солистермен бірге қосылып шырқағымыз келді. Бұрын тек теледидар мен радиодан естігенімізді жанды орындауда тыңдау шынымен зор бақыт, – деп алған әсерлерімен бөлісті Наталья Гуртовая  мен Мурат Низамутдинов.

Сондай-ақ «Астана Операның» Ақтөбеге гастролі аясында кішкентай көрермендер де назардан тыс қалмағанын атап өтуіміз керек. Олар үшін камералық оркестр әртістері C.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісін орындады. «Астана Операның» музыкатанушысы Толғанай Артықбаеваның қазақ тіліндегі қызықты әңгімесін балалар құштарлықпен тыңдады. Музыкатанушы кішкентай тыңдармандарды түрлі музыкалық аспаптармен таныстырып, батыл әрі тапқыр бала жайлы ертегі желісіне бойлатты.

А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық-мектеп гимназиясының 6 «А» сынып оқушылары  Сардар   Сайран мен   Нұрали Шүренов ата-әжелерінің әңгімесінің арқасында көптеген  қазақ халық ертегілерін білетіндерін, ал енді «Астана Опера»  әртістерінің орындауында C.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісімен танысқандарына қатты қуанышты екендерін жеткізді.

-Мен бүгінгі концерттен өте жақсы әсер алдым. Елордалық әртістердің өнерін тамашалағаныма қатты қуаныштымын. Шынымды айтсам осындай концерттерге жиі бара бермеймін, бірақ енді «Астана Опера» қаламызға тағы келсе, одан міндетті түрде қалмауға тырысамын. Маған әсіресе барабаншылардың өнер көрсетуі ұнады, олар өз аспаптарында жақсы ойнап шықты. Бүгін тіпті үшбұрыш аспаптың болатынын  алғаш рет білдім. Осы алған әсерлерімді сыныптастарыммен бөлісетін боламын, – деді Нұрали Шүренов.

-Маған бұл ертегіде Шымшық құс пен Үйректің айтысқаны ерекше әсер етті. Олардың шығарған симфониялық әуені бір-бірімен өте үйлесті. Сонымен қатар маған скрипка мен кларнет аспаптарының үні ұнады. Бұрын оларды тек теледидардан ғана көріп тамсанатынмын, аспаптарды жанды орындауда тыңдаған өте ғажап сезім екен. Маған жақсы көңіл күй сыйлаған «Астана Опера» оркестріне рақметімді айтқым келеді, –  деді Сардар Сайран.

Концерт залының фойесінде Жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған «Қауіпсіздік өнері» фотокөрмесі қанат жайғанын атап өткен жөн. Ол қауіпсіздік техникасы және оны баршаның сақтауы қажеттігі туралы тақырыпты қозғады. Арнаулы жұмыс киімдерін киген «Астана Опера» әртістерінің фотосуреттері өнер мен қауіпсіздік бір композицияда қалай өрілетінін жеткізді.

Гастроль аясындағы тағы бір есте қаларлық оқиға – әртістердің Хромтаудағы  Мәдени демалыс орталығы сахнасындағы өнер көрсетуі болды. Ол 10 сәуірде екі рет аншлагпен өтті. Солистер  театрдың бас концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиеваның сүйемелдеуімен «Түрлі дауыстар әлемі» концерттік бағдарламасын ұсынды. Оның зор қызығушылыққа ие болғаны сонша, ниет білдірген көрермендердің барлығы асқақ өнермен рақаттана алуы үшін қатарынан екі концерт беруге тура келді. Бұл жаңа орталықтағы алғашқы үлкен өнер көрсету болғанын атап өтуіміз керек.

Сондай-ақ Мәдени демалыс орталығы Eurasian Resources Group-тың (ERG) қаржылай қолдауының арқасында тұрғызылғанын атап өту қажет.  Оның құрылысына топ құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы   1,6 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттады. Ал жобаның жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Жаңа орталық Хромтаудың дамып келе жатқан ауданында орналасқан, ол сандық кинокөрсетілім жүйесі, көрме алаңдары және оқу класстары бар заманауи көрермендер залымен жабдықталған.

-«Астана Операның» гастролі біздің қалаларымыз үшін нағыз мәдени оқиғаға айналуда. Олар тұрғындарды шабыттандырып, өнер әлеміне баулиды және маңызды ағартушылық рөл атқарады, -дейді Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов. – Біз өзіміздің кәсіпорындарымызды дамытып қана қоймаймыз, сонымен қатар өңірлердің мәдени өміріне үлес қосуға тырысамыз. Қызметкерлеріміздің өтініші бойынша театр туған қалаларымызда тағы өнер көрсетуде.

Сондай-ақ бұл күні «Астана Опера» театрының әртістері биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының құрамына кіретін  Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Әртістер өнеркәсіптік туристік маршрутпен жүріп, өндірістік жұмыс барысымен танысты және металлдың пеште балқытылу процесін өз көзімен көрді. Сол жерде металлургтермен бірге ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Осылайша, гастроль жұмысшылар мен олардың отбасыларына ғана емес, әртістерге де көптеген жағымды эмоция мен шабыт сыйлады. Енді олар мамыр және маусым айларында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Рудный мен Павлодарда өтетін гастрольдік өнер көрсетулерді асыға күтуде.

-Бұл гастроль – асқақ өнерді насихаттауға тамаша мүмкіндік. Жұмысшылар, металлургтер әртістеріміздің өнер көрсетуінен ләззат алады, ал күндізгі концертке келген балалар келешекте театрымыздың тұрақты көрермендеріне айналуы ықтимал, – деп қорытындылады «Астана Опера» дирекциясында.

Telegram-канал: «Астана Опера» Ақтөбені тәнті етті