«Астана Опера» ардагерлерді құттықтап, Жеңіс күніне арналған театрландырылған концертке шақырды

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуына орай «Астана Опера» театры ерлігі мен қайсарлығы тарихымыздың жылнамасына жазылған тұлғаларға арналған айрықша қайырымдылық акциясын өткізді. Осылайша, 5 мамырда ардагерлер театрдан мерекелік құттықтау себеттерін алды. Ықыласқа бөленіп, алғыс сөздер естіген ардагерлер өз кезегінде соғыс жылдары туралы естеліктерімен бөлісіп, батырлықтарының ұмытылмағанына қуанды.

Бұл маңызды бастаманың жалғасы 9 мамырда «Астана Операның» Үлкен залында өтетін «Ұлы Жеңіске мың тағзым!» салтанатты концерті болмақ. Бағдарламада соғыс жылдарында ерліктің, табандылықтың, отансүйгіштіктің және жақсылыққа деген үміттің символына айналған әндер шырқалады. Бұл әндер жауынгерлік рухты асқақтатып, сарбаздардың жүрегін жылытты, жауға төтеп беруге және үмітті жоғалтпауға көмектесті.

– Біз Жеңіс күніне арнап толығымен театрландырылған концерт дайындаудамыз. «Священная война» әнінің алғашқы аккордтарынан бастап, жеңіске арналған қорытынды сахналарға дейін көрермендер кейіпкерлермен бірге үрейлі 1941 жылдан 1945 жылдың көптен күткен мамырына дейінгі жолды жүріп өтеді, – деп әңгімеледі театр режиссері Еренбақ Тойкенов.

Концерт Германияның КСРО-ға қарсы соғыс ашқаны туралы радиоүндеуден басталады. Сахнада майданға шығарып салу көріністері жанданады: сарбаздардың жақындарымен қоштасқан сәті, пойызбен  белгісіздікке аттанатын кез, үйде ошақ қасында шер мен үмітке толы әндер шырқалатын сахналар сонау зұлмат жылдарды еске салады. Туындылардың барлығын «Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзиннің басқаруымен театрдың опера солистері, хоры және симфониялық оркестрі орындайды.

«Астана Операның» фойесінде ерекше атмосфера жасалады. Көрермендерге қызмет көрсету департаментінің мамандары қонақтарды 1940-ыншы жылдардағы әскери формалар мен гимнастеркаларда қарсы алады. Осы жерде жауынгерлік істерге қатысқан танымал қазақстандықтардың портреттерінің көрмесі ашылады. Олардың қатарында – белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің, ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлының, әншілер Роза Бағланова және Күләш Байсейітованың, Рейхстагқа ту тіккен батырлар Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың, композитор Рамазан Елебаевтың, ұшқыш-шабуылдаушы Талғат Бегелдиновтың, әскербасы Иван Панфиловтың, эскадрилья командирі Сергей Луганскийдің және тағы басқаларының фотосуреттері бар.

Бұл шаралар бейбітшілік пен бостандықты сақтап қалған жандарға алғыс айтуға мүмкіндік беріп, Жеңістің халқымызға өте қымбатқа түскенін өзіміздің және жас ұрпақтың есіне салады.

Telegram-канал: «Астана Опера» ардагерлерді құттықтап, Жеңіс күніне арналған театрландырылған концертке шақырды